Accessibility links

Өзбекстан ел аумағынан шығатын автобустарды тексермек


Ақтөбе облысында жанып кеткен автобус. 18 қаңтар 2018 жыл.

Өзбекстан билігі республика аумағынан көлікпен жолға шығатын ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін комиссия құрды. Комиссияны Өзбекстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматов басқарады. Биліктің мәлімдеуінше, 1 ақпаннан бастап ел аумағынан тыс жолаушылар таситын автобустар мен микроавтобустардың техникалық жай-күйін тексермек.

Өзбекстан мұндай шараны көршілес Қазақстанның Ақтөбе облысында жолда автобуста болған қайғылы жағдайдан кейін қолға алып отыр. 18 қаңтарда Ақтөбеден 320 километр қашықта Өзбекстаннан Ресейге еңбек мигранттарын тасымалдайтын автобус өртеніп, 52 Өзбекстан азаматы қаза тапқан. Бес адам аман қалған.

24 қаңтарда ақпарат агенттіктері Өзбекстан үкіметінің қайғылы жағдайға «көлік құралының ақауы» себеп болғаны туралы қаулы шығарғанын хабарлаған. Қаулыда қауіпсіздік ережелерінің сақталмағаны, автобустың артық жүк тиеп алғаны, автобуста жылыту жүйесінің болмағаны және өрт сөндіру құралдарының жарамсыз болғаны айтылады.

Бұған дейін Қазақстан билігі автобустың өртенуіне «жылыну кезінде отты дұрыс жақпау» басты себеп болғанын мәлімдеген.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG