АҚШ Мемлекеттік департаменті Кабулда өткен аптада қонақүйге жасалған шабуылда төрт америкалық қаза тауып, екеуі жараланғанын растады. 20 қаңтар күні Кабулда содырлардың International қонақүйіне жасаған шабуылынан әрқилы дерек бойынша 30 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған.
24 қаңтарда өткен баспасөз жиынында Мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Хизер Нойерт «этикалық себептерге» байланысты азаматтар қазасының мән-жайын айта алмайтынын хабарлады.
«АҚШ-тың төрт азаматы қаза тауып, екеуі жараланғанын растаймыз. Құрбандардың отбасылары мен таныстарына қайғыра көңіл айтамыз, ал жараланғандарға тезірек сауығып кетуін тілейміз» деді Нойерт.
Бұған дейін АҚШ билігі Кабулдағы шабуыл құрбандары мен жараланғандар арасында бірнеше америкалық барын хабарлаған, бірақ нақты қанша адам екенін айтпаған болатын.
Ауғанстан билігі осыған дейін қаза тапқан 14 шетелдіктің 11-і ауғандық жекеменшік KamAir әуе компаниясының қызметкері екенін хабарлаған. Құрбандар арасында Қазақстанның бір азаматы бар. Шабуыл құрбандарының санына қатысты әрқилы дерек бар. Ауған қауіпсіздік күштерінің шенеуніктері бұған дейін 22-ден 30 адамға дейін қаза тапқанын хабарлаған болатын. Ал жергілікті БАҚ құрбандар саны 40-қа жететінін хабарлаған. Күш құрылымдары шабуыл жасаған алты адамның көзі жойылғанын мәлімдегенімен, басқа ақпарат бойынша бес адам ғана шабуылдаған.