Accessibility links

Кабулдағы шабуылда Қазақстан азаматы мерт болды


Шабуылға ұшыраған Intercontinental қонақ үйіндегі өрт. Кабул, 21 қаңтар 2018 жыл.
Шабуылға ұшыраған Intercontinental қонақ үйіндегі өрт. Кабул, 21 қаңтар 2018 жыл.

Ауғанстан астанасында мейманханаға жасалған шабуыл салдарынан 18 адам қаза тапты. Құрбан болғандардың арасында бір қазақстандық және Украинаның алты азаматы бар.

Ауғанстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Наджиб Даништің мәлімдеуінше, шабуыл жасалған қонақ үйден 150-ден аса адам құтқарылған, арасында шетелдік 41 азамат бар. Құтқарылғандардан 10 адам жараланған, олардың алтауы – қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері деп хабарланды.

Наджиб Даништің сөзінше, террорлық шабуыл салдарынан қаза тапқан 14 шетел азаматының 11-і ауғанстандық KamAir әуе компаниясында жұмыс істеген. KamAir компаниясы Кабулдағы шабуылға байланысты бірнеше әуе рейсін тоқтатқаны туралы ақпарат таратты.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Әнуар Жайнақов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Ауғанстан астанасындағы терактіде қаза тапқан Қазақстан азаматы 1978 жылы туған ер адам екені туралы хабарлады. Марқұмның аты-жөні әзірше аталған жоқ. "Қазақстандық дипломаттар ауған қауіпсіздік қызметі және сыртқы істер министрлігімен байланысып отыр. Марқұмның сүйегін Отанына жеткізу мәселесі жақын күндері шешілетін болады" деп жазды Жайнақов.

Кабулда қаза тапқан 14 шетелдіктің алтауы – Украина азаматтары деп хабарлады Twitter әлеуметтік желісінде Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин. Ол өзі басқаратын мекеме "террорлық шабуылдың жай-жапсарын анықтау" үшін қазір Ауғанстан қауіпсіздік күштерімен жұмыс істеп жатқанын айтқан.

Ауған қауіпсіздік күштері шабуыл кезінде қонақ үйде елдің түрлі аймағынан Кабулға байланыс министрлігі ұйымдастырған жиынға қатысу үшін келген 30-дан астам шенеунік болған деп мәлімдеді. Қаза тапқандардың арасында Фарах уәлаяты әкімшілігінің қызметкері, жуырда ғана Карачидегі бас консул қызметіне тағайындалған ауған дипломаты Вахид Поян, Кабул мен Талибан және өзге оппозициялық топтар арасындағы бейбіт келіссөздер өткізу жөніндегі комиссия мүшесі бар деп хабарланды.

​Кабулдағы шетелдіктер мен ауған ресмилері жиі түсетін, күзеті мықты қонақ үйге жасалған террорлық шабуылға жауапкершілікті "Талибан" радикалдық қозғалысы алды. Қозғалыс өкілі Забиулла Мұджахид әуелде шабуылдың 18 қаңтарға жоспарланғанын, бірақ ол күні қонақ үйде үйлену тойы өтетін болғандықтан, "бейбіт тұрғындар қазасын қаламаған" содырлар шабуылды кейінге қалдырған деп мәлімдеді. "Талибан" қозғалысы бұдан алты жыл бұрын да дәл осы қонақ үйге шабуыл жасап, көп адам мерт болған.

Кабулдағы қонақ үйге шабуыл туралы видео:

Кабулда қонақ үйге шабуылдан ондаған адам мерт болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:58 0:00

АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Кабулдағы шабуылды айыптап, Вашингтон әрқашан ауған халқы және үкіметімен бірге деп мәлімдеді.

"Біз Ауғанстанның бейбітшілік, қауіпсіздік пен елдің гүлденуіне қол жеткізуге бағытталған күш-жігерін бұрынғысынша берік қолдаймыз", - деді Тиллерсон.

Пәкістан үкіметі де Кабулдағы "Қатыгездікпен жасалған террорлық шабуылды" айыптап, Ауғанстанды содырларға қарсы күресте бұрынғыдан да тығыз әріптестікке шақырған. Бұл көрші екі ел өз араларындағы шекара бойында содырларға қарсы жеткілікті дәрежеде күрес жүргізбей отыр деп бір-бірін айыптап келген.

Шабуылға ұшыраған қонақ үйге түскен адамдардың бірі телефон арқылы сөйлескен AFP агенттігіне "ғимараттың ішінде шабуылдағандардың бар-жоғын білмейтінін, бірақ бірінші қабаттан атыс естіліп жатқаны" туралы айтқан. "Бөлмелерге тығылып отырмыз. Олар бізді өлтірмей тұрғанда қауіпсіздік күштері бізді тезірек құтқарса екен деп жалбарынамын", - деген ол.

Afghan Telecom компаниясының аймақтық директоры Азиз Тайеб қонақ үйде өтіп жатқан жиынға қатысып отырғанда ол жерге содырлардың баса-көктеп кіріп келгенін айтқан. "Лезде аласапыран болды да кетті, мен қонақ үйдегі бағананың артына жасырындым, өздеріне масаттанған кісілерді де, ессіз жандай аласұра айғайлап қашқандарды да көрдім, кейбірі оқ тиіп, мұрттай ұшып түсті", - деген Азиз Тайебтің сөзін келтіреді AFP.

Куәгерлердің сөзінше, бассауғалаған бірнеше адам төсек жаймасын балконға байлап, сонымен жоғарғы қабаттарға өрмелеген. Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Насрат Рахими шабуыл қонақ үйде неке қию рәсімі өтіп жатқан кезде басталғанын, алайда ол шараға қатысушылардың бәрі қауіпсіз жерде екені туралы мәлімдеген. Рахимидің сөзінше, шабуыл жасағандар ас дайындайтын бөлме мен "үшінші қабаттың жартысына жуығын" өртеген. Қаңтардың 21-і күні оқиға орнынан түсірілген видеоларда Intercontinental қонақ үйінің үстінен будақтаған түтін көрінеді. Бұл ғимаратқа осыған дейін, 2011 жылы маусымда жанкешті-терроршылар шабуыл жасаған еді. Ол жолғы шабуыл барысында қаза тапқан 21 адамның арасында кемінде 10 бейбіт тұрғын болған.

XS
SM
MD
LG