Accessibility links

Өртенген автобустағы үш қазақстандықты ауруханадан шығарды


Ақтөбе облысы аумағында өртенген автобуста зардап шеккендерге төтенше жағдай қызметкерлері көмектесіп жатыр. 18 қаңтар 2018 жыл.
Ақтөбе облысы аумағында өртенген автобуста зардап шеккендерге төтенше жағдай қызметкерлері көмектесіп жатыр. 18 қаңтар 2018 жыл.

Ақтөбе облысында өртенген автобуста аман қалған үш қазақстандықты Ақтөбедегі ауруханадан шығарып алды. Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасы бас дәрігері Рақымжан Арыстанның Азаттыққа айтуынша, оларды 24 қаңтар күні кешке ауруханадан прокуратура қызметкерлері белгісіз жаққа алып кеткен. Оларға қандай да бір айып тағылды ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Рақымжан Арыстанның сөзінше, аман қалған өзге екі адам – Өзбекстан азаматтары әзірге ауруханада жатыр.

Азаттық тілшісі ішкі істер департаментінің (ІІД) баспасөз қызметіне комментарий беруін сұрап хабарласты. Бірақ ІІД комментарий беруден бас тартып, бұл туралы ақпаратты ішкі істер министрлігінің тергеу комитетіне хабарласуды сұрады. Ақтөбе облыстық прокуратурасы аппаратының жетекшісі Жасұлан Дәулембаев қазақстандықтарға қатысты ақпарат жақын уақытта өтетін брифингте жарияланатынын мәлімдеді.

18 қаңтар күні Ақтөбе облысы аумағында Өзбекстанның еңбек мигранттарын Ресейге тасымалдаған автобус өртеніп, 52 адам қаза тапқан. Өрттен бес адам, оның ішінде автобус жүргізушілері аман қалған. Қазақстан билігі автобус «жылынған кезде отты дұрыс жақпаудан» өртенгенін мәлімдеген.

Самара – Шымкент жолындағы автобус өртінен аман қалған бес адам 18 қаңтар күні кешке санитарлық авиация ұшағымен Ақтөбеге жеткізілген. Дәрігерлер тексерген соң оларды Ақтөбедегі жедел медициналық жәрдем ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызған. Жансақтау бөлімін күзеткен арнайы жасақ сарбаздары бөлімге дәрігерлер мен күш құрылымдарының өкілдерінен басқа ешкімді кіргізбеген.

Ресми Қазақпарат агенттігінің бейсенбіде Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Әсет Қалиевке сілтеме жасап хабарлауынша, бес науқас та ауруханадан шығарылған, дәрігерлер олардың денсаулығын қалыпты деп бағалайды.

XS
SM
MD
LG