Бүгін АҚШ президенті Дональд Трамп Швейцарияның Давос қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форумда баяндама оқыды. Трамп форумға келген 2000 жылдан бергі қызметтегі алғашқы АҚШ президенті.
Трамп баяндамасында президенттігінің алғашқы жылындағы АҚШ-тың экономикалық жетістіктеріне тоқталды. Президент Америкадағы жұмыссыздықты елу жылдан бері рекордтық межеге төмендеткенін, былтыр елде екі миллионнан аса жұмыс орнын ашқанын айтты.
Өз бастамасымен жасалған салық реформаларын еске алған Трамп Америка инвестициялар мен бизнес жүргізудің "керемет кезеңін бастан өткеріп жатыр" деді.
Форум алдында Трамп Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэймен кездескен. АҚШ президенті британ премьерімен "тамаша дискуссия" құрып, қарым-қатынастарының жақсы екенін айтқан еді.
Сонымен біргеТрамп Давос жиынында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен де кездескен. Ол Палестина автономиясын Таяу Шығыстағы бейбіт келіссөзге кедергі жасауға тырысып отыр деп кінәлаған.
Давостағы форум қарсаңында Швейцарияның жұрты жиынға Дональд Трамптың қатысуына наразылық танытып, көшеге шыққан еді. Елдің бірнеше қаласында мыңдаған наразы "Трамптың әлемдегі саясатына қарсы" екендіктерін білдірген.