Accessibility links

Бабановтың сөзіне талдау жасаған маманды жұмыстан босатты


Қырғызстан президенттігіне экс-кандидат Омурбек Бабанов. Бішкек, 1 қазан 2017 жыл.
Қырғызстан президенттігіне экс-кандидат Омурбек Бабанов. Бішкек, 1 қазан 2017 жыл.

Қырғызстан президенттігіне экс-кандидат Омурбек Бабановтың өткен жылы сайлауалды үгіт науқаны кезінде Ош қаласындағы "Он-Адыр" шағын ауданында сөйлеген сөзін талдаған тәуелсіз сарапшылар тобының құрамында болған Үмүт Култаеваны Қырғыз ұлттық университетінің Конфуций институтының директоры қызметінен босатқан. Бұл туралы Азаттыққа Култаеваның өзі хабарлады.

Үмүт Култаева
Үмүт Култаева

Ол өзінің қызметтен босатылуын аталған топтың "Бабановтың сөзінде ұлтаралық араздыққа шақыру белгілері жоқ" деген қорытындысымен байланыстырады. Култаеваның сөзінше, өткен жылы желтоқсанның соңына қарай университет басшылығы оны шақырып алып, "сарапшылар тобындағы жұмысы мемлекеттік саясатқа қайшы келетінін" ескерткен. Сол жерде ол өзінің еңбек келісімін ұзарту "қиындық туғызғаны" туралы естіген. "8 қаңтарда мені кеңсеге шақырып, қызметімнен босатылғаным туралы бұйрықпен таныстырды" дейді Үмүт Култаева.

Култаева мен тәуелсіз сарапшылар тобының құрамында болған өзге де адамдар талдау қорытындысы бойынша өздерін бұған дейін Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне (МҰҚК) жауап беруге шақыртқандарын хабарлады.

Тәуелсіз сарапшылар тобы 2017 жылғы 10 қарашада Омурбек Бабановтың жақтастарының өтініші бойынша құрылған. Құрамына бес ғалым енген топқа Үмүт Култаева жетекшілік еткен.

Қырғыз ұлттық университетінің басшылығы Азаттыққа Үмүт Култаеваның "еңбек келісім-шартының мерзімі аяқталғандықтан" жұмыстан босатылғаны туралы хабарлады.

Былтыр 4 қарашада Қырғызстан бас прокуратурасы 2017 жылы 28 қыркүйекте Ош қаласының негізінен этникалық өзбектер тұратын "Он-Адыр" шағын ауданында сайлаушылармен өткізген кездесуінде айтқан сөздеріне байланысты Омурбек Бабановтың үстінен Қырғызстан қылмыстық кодексі 297-бабының 1-тармағы ("Конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге жария түрде шақыру") және 299-бабының 1-тармағы ("Ұлтаралық, нәсілдік және діни араздықты қоздыру") бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Қылмыстық іс қозғалар алдында Омурбек Бабанов Қырғызстаннан кетіп қалған. Жылдың соңында Бабановтың саясаттан біржола кететіні және Жогорку Кенеш (Қырғызстан парламенті - ред.) депутаты мандатын тапсыратыны туралы мәлімдемесі тарады. Оның қай елде жүргені және Қырғызстанға қашан оралатыны белгісіз.

XS
SM
MD
LG