Accessibility links

Омурбек Бабановтың саяси мансабы аяқталды ма?


Қырғызстан президенттігіне кандидат Омурбек Бабановтың суреті бар жарнама. Қырғыүйек, 2017 жыл.
Қырғызстан президенттігіне кандидат Омурбек Бабановтың суреті бар жарнама. Қырғыүйек, 2017 жыл.

Омурбек Бабановтың "саясаттан біржола кетемін" деген мәлімдемесін Қырғызстан қоғамы әрқилы бағалап жатыр.

2017 жылғы президент сайлауында екінші орын алған Қырғызстанның ең бай азаматтарының бірі Омурбек Бабанов 2007 жылы да саясаттан кететінін мәлімдеген, бірақ кейін қайта оралған. Жұрт оның қарсыластарымен одақтасып, тез партия құрып алатыны, сөйтіп сайлауда жеңіп шығатынына әрі айналасындағы жанжалдарға қарамастан, табысты саясаткер болып қала беретініне қайран қалатын. Бұрынғы партияласы, Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев екеуінің көзқарастары үйлеспейтіні соңғы президент сайлауында анық байқалды.

Омурбек Бабанов.
Омурбек Бабанов.

Сайлаудан кейін Омурбек Бабанов шетелге кетіп қалған еді, оның партияластары мен фракция мүшелері "емделіп алғаннан соң қайтып келеді" деп сендірген. Дауыс беру қорытындысы белгілі болғаннан кейін Бабанов оны мойындайтынын, бірақ саяси тартысты жалғастыра беретінін мәлімдеген болатын. Бұған қоса, ол қоғамды "Болашаққа жол" деп аталатын бағдарламасын іске асыруға ниетті екеніне иландырған.

- Мені 600 мыңнан аса адам қолдады. Елде өзгеріс болу үшін олар құқық органдарының қысымынан қорықпай, әкімшілік ресурсқа қарамастан өз таңдауын жасады. Елімізде міндетті түрде өзгерістер болады... Біз бұл сайлауда жеңдік, адамдардың санасын өзгерте алғанымыз – біздің жеңісіміз, оларды пікірін ашық айтуға, өз ісіңнің дұрыстығын заңды жолмен дәлелдеуге болатынына сендірдік, - деді ол.

Бірақ үстінен қылмыстық іс қозғалғаннан кейін Омурбек Бабановтың елге оралатынына сенбейтіндер де көп. Бас прокуратура оны "конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге жария түрде шақырды" және "ұлтаралық, нәсілдік немесе діни араздық қоздырды" деп айыптады.

ВИДЕО: Бабановтың үстінен іс қозғады (07.11.2017)

"ӨЗГЕ АМАЛДАРМЕН КӨМЕКТЕСЕТІН БОЛАДЫ"

Омурбек Бабанов 2018 жылдың қарсаңында саясаттан біржола кететінін мәлімдеп, Жогорку Кенеш (Қырғызстан парламенті - ред.) депутаты мандатын өткізді әрі бұны қазіргі жағдайда ең дұрыс шешім деп атады. Жогорку Кенештің "Республика – Ата-Журт" фракциясының депутаты Таабалды Тиллаевтың айтуынша, серіктері мен пікірлестері оның бұл шешімін түсіністік танытып, дұрыс қабылдаған.

Таабалды Тиллаев.
Таабалды Тиллаев.

- Халық оны қарымды жас саясаткер, реформатор ретінде біледі. Ол саясат арқылы мемлекетті өзгертуге үлес қосқысы келгенін айтты, бірақ, өкінішке қарай, бұл ниеті іске аспады. Бұған дейін екеуміз сөйлескенде ол "егер президент сайлауында жеңбесем, саясаттан мүлде кетемін" деген еді. Ол халыққа саясат арқылы болмаса да, инвестиция тарту және бизнес арқылы көмектеспек. Ол "саясатта 13 жыл жүрдім, қиындығы мен жеңілдігін де, ыстық-суығын да, жаман-жақсы жағын да көрдім. Енді халыққа саясаттан бөлек, өзге амалмен көмектесемін" дейді. Біз оның шешімін түсініп, дұрыс қабылдадық, - дейді Таабалды Тиллаев.

Бірақ Бабановтың саясаттан кету туралы мәлімдемесін өз бизнесін қорғап қалу әрекетіне балайтындар да бар. Мысалы, қоғам қайраткері Топчубек Тургуналиев оның іс-әрекеттерін сынайды.

Топчубек Тургуналиев.
Топчубек Тургуналиев.

- Саясатта жүрген адам ақылдасуы тиіс. Саясатта әртүрлі жағдай болып тұрады. Ол өз-өзіне "Егер қиындық туса, сотқа тартылып, түрмеге түсуге дайынмын ба?" деген сұрақ қоюы тиіс еді. Неге болсын шыдаймын деп сөз беріп, сөзінде тұра алса ғана саясатқа баруы керек. Жұрттың бәрі "Омурбек, Омурбек" деп қолпаштап еді. Премьер-министр болды. Қырғызстан оған көп мүмкіндік берді. Бірақ ол өзін тек жаман жағынан көрсетті. Кімдермен дос болмады! Егер байлығын өз еңбегімен тапса, ешқашан бұлай қашпас еді, - дейді ол.

РЕФОРМАНЫ ТАЛАП ЕТКЕН ДЕПУТАТ

47 жастағы Омурбек Бабановтың әкесі Қырғыз ССР-ы депутаты болған, ұзақ жылдар ең бай колхоздардың бірін басқарған. Бабанов еңбек жолын бизнестен бастаған – Қырғызстан мен Қазақстанда көбінесе жанар-жағармай саласындағы бизнеспен айналысқан. 2000-2004 жылдары Жалал-Абадта "Қырғызмақта" кәсіпорнын басқарған. 2005 жылы Қара Бура сайлау округынан дауысқа түсіп, депутат болып сайланған.

Сол жылғы наурыздағы оқиғалардан кейін Омурбек Бабанов бұрынғы президент Асқар Ақаевтың отбасына тиесілі дүние-мүлікке қатысты шешім қабылдау үшін құрылған комиссияны, комиссия төрағасы – ол кезде вице-премьер болған Данияр Үсеновті сынаған.

Бабанов көпшілікке 2006-2007 жылдары оппозициялық күштердің митингілеріне қатысқаннан кейін танылған. 36 жасында Қара Бура аудандық округынан сайланып, Жогорку Кенештің белсенді депутаты болған.

"Реформа үшін" оппозициялық қозғалыс басшыларының бірі ретінде ол президент Құрманбек Бакиевтің отставкаға кетуін талап еткен. Ол конституциялық реформаны сынап, Бакиевті "отбасы-кландық билікті күшейтіп, өкілеттігін ұлғайтты" деп айыптаған.

Ол Алмазбек Атамбаевпен 2007 жылы танысқан. Сол жылы Қырғызстан социал-демократиялық партиясына қосылып, парламент сайлауында партия тізімінде бірінші болып тұрған. Сайлау кезінде оның азаматтығына қатысты мәселе қозғалып, іс сотқа дейін жеткен.

Бішкектің Бірінші май аудандық соты Қазақстан азаматтығына ие екені расталуына байланысты Бабановты сайлаудан шеттету туралы шешім қабылдаған. Жоғарғы сот шешімнің күшін жойып, оның сайлауға қатысу құқығын қайтарып берген.

Бабанов депутаттық мандатынан партияласы Роза Отунбаеваның пайдасына бас тартқан. Ол Отунбаеваны "тәжірибесі мол қайраткер әрі ірі саясаткер" деп атаған. Бір қызығы, ол кезде бюллетень бланкісін жариялағаны үшін үстінен қылмыстық іс қозғалған партия мүшесі Эдил Байсаловтың елден кетуін ол дұрыс емес деп санаған. Сол жылы Бабанов саясаттан кететінін мәлімдеген.

2009 жылғы қаңтарда Омурбек Бабанов вице-премьер-министр болып тағайындалған кезде Қырғызстанның сол кездегі президенті Құрманбек Бакиевтің бұл шешімі көпшілік үшін күтпеген шешім болған еді. Бакиев мұның себебін Бабановтың бизнестегі жетістіктерімен байланысты деп түсіндірген. Ал Бабановтың шешімі партияластарының арасында наразылық тудырып, ақыры оны партиядан шығарып жіберген.

Омурбек Бабановтың (сол жақтан екінші) Қырғызстанның сол уақыттағы президенті Құрманбека Бакиевтің командасында болған кездегі суреті. 26 қаңтар 2009 жыл.
Омурбек Бабановтың (сол жақтан екінші) Қырғызстанның сол уақыттағы президенті Құрманбека Бакиевтің командасында болған кездегі суреті. 26 қаңтар 2009 жыл.

Премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарған 2009 жылы "ВООСТ" компаниясы басшысы Валерий Хон "мұнай базамды Бабанов заңсыз иемденіп алды" деп мәлімдеген.

2009 жылғы қазанда премьер-министрдің орынбасары қызметінен өз еркімен кеткен Бабанов жайлы 2010 жылғы сәуірге дейін ештеңе естілмеді.

АДАСТАР ТІРЕСІ

2010 жылғы парламент сайлауында Омурбек Бабанов "Республика" партиясын басқарды. Саяси бағдарламасында ол Ресейді ашық қолдады. Құрманбек Бакиевтің билігі тұсында жауапты әрі "майлы" қызметте болған адамдарды партияға жинап алды деген сынға қалған. Оның партиясы сайлауда жеңген партиялар бестігіне енді. Кей адамдар партия сайлауда ақшаның күшімен жеңді деп бағалаған.

Жогорку Кенеште партиялардың көпшілігін біріктірген коалиция келіссөздермен құрылды. Ол кезде Бабанов ең негізгі саяси ойыншылардың бірі ретінде танылып, өз талаптарын мәлімдеген.

2011 жылғы көктемде Омурбек Бабанов пен "Ата Мекен" фракциясының жетекшісі Омурбек Текебаев екеуінің арасында егес басталды. Текебаев Бабановты вице-премьер қызметін атқарған тұста заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан деп айыптады. Бабанов бұл айыптауды көпшілік коалицияны ыдырату амалы деп атаған. Бұдан бөлек, Бабанов "Мегаком" компаниясына қатысты жанжалға да іліккен. Ал Бабановты айыптаған бас прокурор Кубатбек Байболов қызметінен босатылды. Бабанов сот аяқталғанға дейінгі мерзімге қызметінен кетіп, бір айдан кейін вице-премьер қызметіне қайта оралған.

Омурбек Текебаев (сол жақта) пен Омурбек Бабанов.
Омурбек Текебаев (сол жақта) пен Омурбек Бабанов.

Сол жылы оның азаматтығы туралы мәселе қайта қозғалды. "Ата Мекен" фракциясы мүшелері оны "Қырғызстан азаматтығын да заңсыз алды" деп айыптаған.

2011 жылдың аяғында Бабанов премьер-министр болып тағайындалды. Біраздан кейін Бабанов пен оппозициялық азшылық басшысы Камчыбек Ташиевтің арасындағы егес ашық сипат алды. Ташиев Бабановты "елге радиациялық көмір әкеліп, сатты" деп айыптады.

Омурбек Бабанов (сол жақта) пен Камчыбек Ташиев.
Омурбек Бабанов (сол жақта) пен Камчыбек Ташиев.

Сол жылғы наурыз, сәуір айларында оппозиция Ош, Баткен және Жалал-Абад облыстарында митингілер өткізді. Жұрт үкіметтің отставкаға кетуін, Қырғызстанның президенттік-парламенттік билікке көшуін және 2010 жылғы сәуір мен наурыз айларындағы оқиғаларға кінәлі адамдарды жазалауды талап етті.

2011 жылы "Ата Мекен" фракциясының мүшелері премьер-министр Омурбек Бабанов түркиялық компаниядан 500 мың доллардан 1,3 миллион долларға дейін бағаланатын арғымақ алды деп мәлімдеген. Бабанов пен оны қолдайтын "Республика" фракциясы сәуір оқиғалары кезіндегі тонаушылық әрекеттерді қозғап, "Ата Мекен" фракциясының кей мүшелерін тонауға қатысы бар деп айыптады. Саяси қақтығыс Бабановтың отставкасымен аяқталды.

2011 жылғы президент сайлауынан кейін партияның ішінде тартыс басталды. Ал Бабановтың өзі саясаткерлермен тандем құрумен айналысты.

"ТАРАЗЫ БАСЫНДА – БАЙЛЫҒЫ ТҰР"

2015 жылы ол бұрынғы саяси қарсыласы Қамчыбек Ташиев және "Ата Жұрт" партиясымен бірігіп, "Республика – Ата-Жұрт" партиясын құрды. Парламент сайлауында партия екінші орын алды, бірақ сайлаудан кейін бұл одақ тез ыдырап кетті.

Бабанов президент сайлауына қатысып, тіпті жеңуі мүмкін деп болжанған саясаткер болатын. Ол кезде Алмазбек Атамбаев оған іш тартатын. Бірақ сайлау жақындаған тұста Атамбаев Бабановты ашық та, жанама түрде де сынай бастады. Ол мұның себебін Бабанов оның саясатын жалғастырудан бас тартты деп түсіндірді.

Бабанов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескеннен кейін Алмазбек Атамбаев Астананы Қырғызстанның ішкі ісіне араласты деп айыптады. Бішкек пен Астана бір-біріне наразылық ноталарын жолдаған еді.

ВИДЕО: Бішкек пен Астананың нота алмасуы (20.09.2017)

Қырғызстан Қазақстанға нота жолдады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:20 0:00

Астана мен Бішкек арасындағы кикілжіңнің күшеюімен бірге қазан айында қазақ-қырғыз шекарасында жүздеген көлік жиналып қалды. Шекара бекеттерінде ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр болған қарапайым жұрт құжат тексеріп-өткізу тым ұзақ созылатынын айтып шағынды. Қырғыз жүк тасымалдаушылары "қазақстандық билік қолдан кедергі жасап отыр" деп мәлімдеді. Астана шекарадағы бақылаудың күшейтілуін контрабандалық тауарларға қарсы амал деп түсіндірді (ақыр соңында Қырғызстанда билікке жаңадан келген президент Сооронбай Жээнбеков қазақстандық әріптесі Назарбаевпен кездескеннен кейін шекарадағы ахуал бұрынғы қалпына келтірілді). Қазақстан билігін сынаған мәлімдемелерінде Атамбаев Астананы "қырғызстандықтарға өз жандайшабын таңғысы келеді" деп мәлімдеп, "жандайшапты түрмеге отырғызуға" уәде еткен.

ВИДЕО: "Кешірімді Атамбаев сұрамауы керек" (15.11.2017)

Бабанов соңғы үндеуінде "Алмазбек Атамбаев елдегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға үлкен үлес қосты" деп мәлімдеді.

Оның саясаттан кету туралы мәлімдемесін қоғам әрқилы бағалап жатыр. Жогорку Кенештің "Онугуу-Прогресс" фракциясы депутаты Исхак Масалиевтың пкірінше, Бабанов – әлі кемеліне келмеген саясаткер, ол саясатқа бизнес-жоба ретінде қарайды".

- Омурбек Бабанов кейінгі 10 жылда беделді саясаткерлердің біріне айналды десем қателеспеймін. Бірақ ол әбден кемеліне келген саясаткер деп айта алмаймын. Бұл жігіт саясаттан кететінін осымен екінші рет айтып жатыр. 2007 жылы саясаттан кетіп, шаруашылық істермен айналысады екен деген хабар тараған. Оның бизнесі қанша табысты болғанымен, ол саясатты да бизнес тәрізді көретін саясаткер деп айтар едім. Бұған бірер факті келтірейін. Мысалы, сайлауға 2-3 ай қалғанда ол партия құрып, парламентке өтті, бұл - кәсіпкерліктің белгісі. Әлгі партиясында да кемшілік болған, өзіме сол партия ұнамайтын. Айналдырған бірер айда құрылған партия халыққа ешқашан танылмайды, бұл – бизнес-жоба. Ол аймақтардан беделді адамдарды жинап, ақша салып, табысқа жетті. Бірақ бұл партия құру емес, бұл - бизнес-жоба, - дейді ол.

Бұған қоса, Исхак Масалиевтің пікірінше, Бабанов саясатқа қайта оралуы әбден мүмкін.

Исхак Масалиев.
Исхак Масалиев.

- Оны саясаттан біржола кетті деуге болмайды. Уақыт келгенде ол қайта оралуы мүмкін. Оның мына мәлімдемесіне таңданудың қажеті жоқ. Екіншіден, ол мына соңғы қадамға не себепті барды? Ол бәрін таразылап көрді, сондықтан бір жағынан бизнесінің тыныш әрі сәтті дамығанын қалайды, ал таразының екінші жағында саяси қызметі тұр. Уақыт өте екеуі бір-біріне қайшы бола бастайды.Өйткені, саясаткер әрі сыншы болғың келсе, бизнесте табысқа жете алмайсың, билік бұған мүмкіндік бермейді. Екіншіден, бизнесіңе тәуелді болатының түсінікті, өйткені биліктің қолында үлкен компанияларды тексеріп, міндетті түрде кемшіліктер табатын тексеруші және құқық органдары бар. Сондықтан үлкен саясатқа баратын адам үлкен бизнестен аулақ болуы тиіс деп санаймын. Табысты бизнес пен табысты саясаткер бір-бірімен үйлеспейтін дүниелер. Ерте ме, кеш пе қайшылық бәрібір туады, өйткені жеке байлығың халықтың талаптарына, үлкен саясатпен үйлеспейді.

Бабанов саясаттан кететіні туралы сөзінде тұра ма, жоқ па – әзірше белгісіз. Қазіргі президент Сооронбай Жээнбеков сайлау алдында Алмазбек Атамбаевтың саясатын жалғастыратынын мәлімдеген. Президенттікке кандидаттардың Қырғызстан теле-радио корпорациясында өткен дебаты кезінде қазіргі президент коррупциямен күресті Бабановтан бастайтынын, оған қоятын 25 сұрағы барын айтқан.

ВИДЕО: Қырғызстан президенттікке кандидаттардың пікірталасын көріп, талқылады (05.10.2017):

Қырғызстан президенттікке кандидаттардың пікірталасын көріп, талқылады
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:35 0:00

Омурбек Бабановтың бұған дейінгі саяси қадамдарын ескерсек, оның қазіргі билікпен қарым-қатынасы қалай өрбитінін дөп басып болжау қиын.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Элеонора Бейшенбекқызының мақаласы орысшадан аударылды.)

XS
SM
MD
LG