Accessibility links

Google мен Twitter Ресейдің АҚШ жергілікті сайлауына ықпалына дәлел таппады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Google және Twitter компаниялары 2016 жылы АҚШ-тың бірқатар штатында өткен жергілікті сайлауларға Ресейдің араласқанына дәлелдер таппады деп хабарлады Politico басылымы.

Технологиялық корпорациялардың екеуі де өздері жүргізген тексеру қорытындылары туралы АҚШ Сенатының барлау жөніндегі арнайы комитетіне хабарлаған. Бұл комитет Мәскеудің америкалық сайлау процесіне ықтимал ықпал етуін тексеріп жатыр. Google вице-президенті Кент Уолкердің сөзінше, компания бәрібір ықтимал қатерге қарсы күрес құралдарын әзірлеуді жалғастыратын болады.

2017 жылдың басында америкалық барлау органдары Ресейдің хакерлер және БАҚ көмегімен АҚШ-тағы президент сайлауына араласқаны туралы баяндаманы жариялаған. Құжатта батыстың "либералды демократиялық тәртібін" әлсірету үшін Кремльдің баспасөз бен әлеуметтік желілерді пайдаланғаны айтылған.

Өткен жылғы тамыздың басында АҚШ арнайы прокуроры Роберт Мюллер "Ресейдің килігуін" тексеру үшін үлкен алқабилер мәжілісін шақырған. Мюллер 2016 жылғы АҚШ президенті сайлауы кезінде республикалық партия кандидаты Дональд Трамптың бәсекелесі, демократиялық партия кандидаты Хиллари Клинтонның абыройын түсіру үшін Трамптың штабы Кремльмен мәмілеге барған жоқ па деген сауалға жауап алғысы келеді. Мәскеу өзге елдердегі сайлауларға қатысы барын жоққа шығарған.

Өткен жылы Facebook компаниясы жалған жаңалық таратуға қарсы күрес науқанын бастаған. Ірі ақпарат агенттіктері әлеуметтік желіге күмәнді ақпаратты сұрыптауға жәрдемдескен. Бұған қоса компания Ресейдің 2016 жылы Америкада өткен президент сайлауына ықтимал араласуын тексеріп жатқан АҚШ Сенатына ынтымақтастық танытып келеді. Енді Facebook әлеуметтік желісін қолданушылар "ресейлік үгіт-насихат" жариялайды деген күдікке іліккен парақшаға жазылған я жазылмағаны туралы біле алатын болды.

XS
SM
MD
LG