Accessibility links

Татарстанда "Хизб ут-Тахрир" мүшесі 17 жылға сотталды


Сот залы. (Көрнекі сурет.)
Сот залы. (Көрнекі сурет.)

Қазан қаласының соты Ресей аумағында тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" ұйымына қатысқаны үшін Татарстан тұрғыны Амир Хакимуллинді 17 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтеу туралы үкім шығарған. Тыйым салынған ұйымға қатысы барын жоққа шығармаған Хакимуллин өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ деп хабарлады "Интерфакс".

Хакимуллинге "террорлық ұйым жұмысына қатысты" деген айып тағылған. Прокуратура оны 19 жылға соттауды және жазасын өтеуге қатаң тәртіптегі колонияға жіберуді сұраған.

Амир Хакимуллин 2016 жылы наурызда арнайы операция барысында ұсталған. Тергеушілердің ақпараты бойынша, ол 2014 жылы Қазан қаласында "Хизб ут-Тахрир" ұйымын құрып, ұсталғанған дейін оған жетекшілік еткен. Сонымен бірге Хакимуллинге азаматтарды жасырын топ қызметіне тартқан деген айып тағылған.

2003 жылы Ресей Жоғарғы соты "Хизб ут-Тахрир" исламшыл партиясын террорлық ұйым деп тану туралы шешім шығарған. "Хизб ут-Тахрир" өкілдері әлемдегі барлық мұсылмандарды біріктіріп, ислам халифатын құруды мұрат етеді. Олар мақсатына жету үшін террорлық іс-әрекеттерге баруды құптамайды және Ресейде өздеріне қарсы әділетсіз қуғын-сүргін жүріп жатыр деп санайды.

Соңғы жылдары жылдары Ресейдің түрлі аймақтарында "Хизб ут-Тахрир" ұйымына қатысқан деген айыппен бірнеше түрмеге қамалған. Құқыққорғаушылар ұйым мүшелерін қуғындаудың саяси астары бар деп санайды.

Қазақстанда "Хизб ут-Тахрир" партиясы 2005 жылы сот шешімімен діни-экстремистік ұйым деп танылып, оның қызметіне тыйым салынған. Елде осы ұйымның мүшелері деп күдікпен ұсталып, қылмыстық іс қозғалып, жауапқа тартылған ондаған адам түрмеде отыр.

XS
SM
MD
LG