Accessibility links

«Қарапайым сантехник» халифат идеясын насихаттау күдігіне ілінді


Өзін Әміржан Бейсембайдың екінші әйелі атайтын Наталья Веселовскаяның ұлымен түскен суреті. Астана, 7 маусым 2017 жыл.
Өзін Әміржан Бейсембайдың екінші әйелі атайтын Наталья Веселовскаяның ұлымен түскен суреті. Астана, 7 маусым 2017 жыл.

Қамаудағы екібастұздық мұсылман жігіттің екінші әйелі бір айдан бері мамырдың 19-ы күні Павлодар тергеу абақтысында аштық жариялаған жұбайының денсаулығы нақты қандай күйде екенін білуге тырысып жүр. ІІМ «аштықты тоқтатты» деп мәлімдейді.

Наталья Веселовскаяның айтуынша, Павлодар облысы Екібастұз қаласының 40 жастағы тұрғыны Әміржан Бейсембайды наурыздың 1-і күні 80 жастағы анасының пәтерінен ұстап әкеткен. Ол жеті жыл бұрын екеуінің шариғат заңы бойынша қиылған некесі негізінде өзін «оның екінші әйелімін» деп атайды. Бейсембайдың бірінші, ресми некедегі әйелі де бар, бірақ Натальяның айтуынша, ол ерінің ісіне қатысты әзірше белсенді қарекет етпеген әрі ол жайлы жуырда ғана білген.

Түрмедегі наразылық
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:38 0:00
Жүктеп алу

Әміржан Бейсембайға қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған. Қамау мерзімін ұзарту туралы қаулыда көрсетілгендей, 1997 жылғы шілденің 16-сындағы ескі редакция бойынша олардың бірі – «Бір немесе бірнеше қылмыс жасау мақсатында ұйымдасқан топ құру және оған басшылық ету, сол сияқты оған мүше болу».

Екінші айыптаушы бап – «Қоғамдық немесе діни бірлестіктің не өзге ұйымның экстремизм немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты олардың қызметіне тыйым салу немесе жою туралы сот шешімінен кейін олардың қызметін ұйымдастыру және оған қатысу». Яғни оны Қазақстанда 2005 жылдан бері тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир» діни-экстремистік ұйымына қатысты айыптайды.

ҚАМАУДА ОТЫРҒАНЫНА ТӨРТ АЙ

Наталья Веселовскаяның сөзінше, оның күйеуін халифат құру туралы сайтқа қатысы бар және парақшасында әлгі сайттан алған ақпаратты жариялады деп айыптайды.

- Оның ноутбук ұстағанын ешқашан көрмеппін. Тергеуші «шешесінің пәтерінен ноутбук тәркіледім» деді. Маған келген кезде оның қолынан ондай ештеңені мүлде көрген жоқпын, ал менде айпад қана бар. Екеуіміз «Хизб ут-Тахрир» діни ұйымын талқылап көрмеппіз, - дейді Натальия Веселовская.

Әйелдің айтуынша, екеуі 2010 жылы мұсылман дәстүрі бойынша үйленген, ал ислам дінін күйеуі оған үйленгенге дейін – бес жыл бұрын қабылдаған. Ал Наталья Веселовскаяның өзі мұсылмандықты күйеуінен үш жыл ерте қабылдаған. Оның сөзінше, күйеуі екеуі өздерін ешқандай ағымға жатқызбайды, «жай сүннит мұсылманбыз» дейді.

Әйелдің айтуынша, күйеуі – жұрттың бәрі құрметтейтін, жақсы көретін қарапайым сантехник, ол да елге көмектеседі.

- Ешкімнің бетін қайтармайтын қайырымды жан екенін біліп жұрттың бәрі көмек сұрайтын. Оның бар сүйенгені - шешесі, үйі, жұмысы, бақшасы, біз. Үйді жөндеп алайық немесе жаңасын салайық деп жоспарлап жүргенбіз, менің атымда әжемнен қалған мұра бар, - дейді Наталья Веселовская.

Натальяның өзі еш жерде жұмыс істемейді – қолында жеті айлық ұлы бар. Павлодардағы тергеу абақтысында отырған күйеуімен кездесуге рұқсат алу үшін Наталья Веселовская баласының әкесі екенін анықтау процедурасынан өткен, өйткені екеуінің некесі Қазақстан заңдарына сәйкес ресми тіркелмеген.

Ерлі-зайыптылардың үш жасар ортақ ұлы да бар, ал Наталья Веселовскаяның алдыңғы некеден туған қызы бар. Әміржан Бейсембайдың алғашқы некеден туған екі баласы бар. Әйелдің айтуынша, отбасын қамтамасыз етіп, бес баланы асыраумен күйеуі айналысқан, енді олар асыраушысыз қалған.

Ол қамау шешімімен келіспеймін, сондықтан аштық жарияладым деді, су ғана ішіп жатыр. Оны маусым айында кездесуге барған кезде көргенмін, мүлде арықтап кетіпті, жүдеп-жадап, өлетін адамға ұқсап қалған. Оның денсаулығын уайымдап жүрмін.
Наталья Веселовская

- Досы келіп, кезекті сәлемдеме апарған болатын, маған телефон соғып, «сәлемдемені қабылдамай қойды, өйткені ол мамырдың 19-ында аштық жариялапты» деді. Ол жақта оны ұрып-соғып жатқан шығар деп ойлап, кездесуге рұқсат алуға тырысып көрейін деп тиісті қағаздарды жинап, жүгіре бастадым. Өйткені біз қамауда екі ай отырады, сосын сот болады, кейінгісін көре жатармыз, білікті таныс адвокатымыз іске кіріседі деп ойлағанбыз, бірақ оның бәрі тым созылып кетті. Ол қамау шешімімен келіспеймін, сондықтан аштық жарияладым деді, су ғана ішіп жатыр. Оны маусым айында кездесуге барған кезде көргенмін, мүлде арықтап кетіпті, жүдеп-жадап, өлетін адамға ұқсап қалған. Оның денсаулығын уайымдап жүрмін, - дейді Наталья Веселовская.

Әйел күйеуінің ісін әділдікпен қарауға шақырып, бас прокуратура мен президент әкімшілігіне хат жазған.

Қазақстан ішкі істер министрлігінен Азаттықтың ресми сауалына «тергеудегі тұтқын сот шешімімен келіспей ас ішуден өз еркімен бас тартты» деген жауап келді. Бірақ ІІМ-ге қарасты мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті өкілдерінің хабарлауынша, маусымның 13-інде «ол тамақ іше бастады, өзін қалыпты сезінеді» деп хабарлады.

АЙЫПТАУ

Тергеу болжамынша, 2002-2007 жылдары Павлодар қаласында «Хизб ут-Тахрир» діни-экстремистік ұйымының бөлімшесі болған, Екібастұз қаласында «есеп беруге тиісті топ» болған. Арнайы қызметтің мәлімдеуінше, Әміржан Бейсембай да сол топқа кіріп, дүниежүзілік біртұтас «Халифат» мемлекетін құруды көздейтін қылмыстық ұйымға жұмыс істеуге «ант берген».

Қамаудағы Әміржан Бейсембайды қамауда ұстау мерзімін ұзарту туралы қаулыда жазылғандай, ол «Хизб ут-Тахрир» идеясын насихаттаумен айналысып жүріп, 2015 жылы «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде парақшасы бар халифат туралы сайтқа өзге есіммен мүше болып кірген. Тергеу болжамынша, қамаудағы тұтқын халифат туралы сайттағы іске қатысты жүргізілген сараптама насихаттау деп таныған материалдарды бір жарым жыл бойы өз парақшасында жариялап жүрген.

Павлодар облысы Екібастұз қаласы көшелерінің бірі.
Павлодар облысы Екібастұз қаласы көшелерінің бірі.

Тергеушілер қосымша сараптамалар жүргізу және 29 адамның ісін қараған Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық соты мұрағатынан «ұйымдасқан қылмыстық ұйымға Бейсембайдың қатысы барын көрсететін» материалдарды сұрату қажет деп мәлімдейді.

Наталья Веселовскаяның сөзінше, 2006 жылы оның күйеуін «ҰҚК әлдебір бап бойынша жауапқа тартып, кейін босатқан».

2007 жылғы желтоқсанда қазақстандық БАҚ Қарағанды қаласы аудандық соттарының бірі «Хизб ут-Тахрир» ұйымына мүше 30 адамды бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге түрмеге кесті деп хабарлаған. Сотталушылардың бірі әйел болған, ол бір жарым жылға сотталған. Сот оларды Орталық Азия елдері үкіметтерін құлатып, олардың территориясында Ислам халифатын құруға шақырған парақшалар таратты деп тапқан.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі сайтының хабарлауынша, «Хизб ут-Тахрир» («Хизб ут-Тахрир әл-Ислами», «Ислам азат ету партиясы») – 1953 жылы «Мұсылман бауырлар» халықаралық террорлық ұйымының палестиналық бөлімшесі базасы негізінде шейх Такиитдин Набхони Сирияда құрған халықаралық экстремистік діни-саяси партия.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG