Accessibility links

Ресейде Юрий Дмитриевті тергеу абақтысынан босатты


Юрий Дмитриевті (оң жақта) сот залына әкеле жатыр. Петрозаводск, Ресей, 5 маусым 2017 жыл.
Юрий Дмитриевті (оң жақта) сот залына әкеле жатыр. Петрозаводск, Ресей, 5 маусым 2017 жыл.

Ресейдегі "Мемориал" адам құқықтарын қорғау ұйымы Карелия бөлімшесінің басшысы тарихшы Юрий Дмитриевті тергеу абақтысынан босатқан. Бұл туралы ресейлік құқыққорғаушы Зоя Светова Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды деп хабарлады Азаттықтың Орыс қызметі.

Бұған дейін Дмитриевті Мәскеудегі Сербский атындағы институтта психиатриялық тексеруден өткеннен кейін Петрозаводск қаласындағы тергеу абақтысына жеткізген.

Юрий Дмитриевті 2016 жылы желтоқсанда тұтқындаған. Асырап алған қызының жалаңаш фотосуреттерін компьютерде сақтағаны үшін тарихшының үстінен қылмыстық іс қозғаған. 2017 жылы 2 наурызда оған "азғындық әрекеттер", "заңсыз қару сатып алу" және "он төрт жасқа толмаған баланы фотосуретке түсіру" айыптарын таққан.

Оқи отырыңыз: Сталиндік террорды әшкерелеген тарихшының ісі

Қорғаушылары Дмитриев асырап алған қызының денесінің даму процесін тіркеп отыру үшін суретке түсірген дейді. Фотосуреттерге қайта сараптама жүргізіп, оның құрамынан порнография белгілерін таппаған сараптама қорытындысы да осындай тұжырым жасаған.

"Мемориал" ұйымы Юрий Дмитриевке ойдан құрастырылған іс бойынша айып таққан деп санайды.

XS
SM
MD
LG