Accessibility links

Сталиндік террорды әшкерелеген тарихшының ісі


Сталиндік террор туралы зерттеулер авторы, тарихшы Юрий Дмитриев.
Сталиндік террор туралы зерттеулер авторы, тарихшы Юрий Дмитриев.

Ресей билігі сталиндік террордың сұмдықтарын әшкерелеген тарихшы Юрий Дмитриевке "балалар порнографиясымен айналысты" деген айып тақты. Достары мен әріптестері "оның үнін өшіргісі келген биліктің ойлап тапқан амалы" дейді.

Тарихшы Юрий Дмитриевтің Ресейдің солтүстігіндегі Карелия ормандарынан Сталин заманынан қалған ескі молаларды табатын қасиеті бар дейді әріптестері.

- Бірде оның «молалардағы адам сүйегі мүжілгенде айналасындағы топырақ шөгеді» деп айтқаны бар. Таңғы уақытта молалардың үстіндегі шық тез құрғап, шұңқырлардың үстіндегі шөп «жылайды» дегені де есімде, - дейді Соловкидегі ГУЛАГ лагерін зерттеген тарихшы Юрий Бродский.

61 жастағы тарихшы Юрий Дмитриев өмірінің жартысын өзі тұратын аймақтағы Сталин заманының құпияларын ашуға арнаған. Ол қуғын-сүргіннен қаза болған 13 мың құрбанның есімі жазылған «Естелік кітабын» ыждағатпен құрастырып шыққан.

Алайда 2016 жылғы желтоқсанда тарихшы өз үйінде тұтқындалды. Оған «балалар порнографиясын әзірлеп, таратты» деген айып тағылды. Сот биыл мамырда басталуы керек. Егер кінәсі дәлелденсе, онда Юрий Дмитриев 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұған қоса, тарихшыға «заңсыз қару сақтады» деген де айып таққан. Тінту кезінде Дмитриевтің пәтерінен ескі аңшы қаруы табылған. Адвокатының айтуынша, тарихшы бұл қаруды молаларды қазып жүргенде тауып алған.

Юрий Дмитриев өзіне тағылған айыптардың бәрін жоққа шығарады. Ресейдегі және шетелдегі әріптестері билік тарихшыны осыған дейінгі зерттеулері үшін жазалап, үнін өшіру үшін осындай әрекетке барып жатыр деп санайды. Тұтқынға алынғалы бері ол алдын ала тергеу абақтысында отыр.

Ресейдегі «Мемориал» адам құқықтарын қорғау ұйымы Карелия бөлімшесінің басшысы Юрий Дмитриев 1997 жылы советтік атышулы ГУЛАГ жүйесіндегі Соловки лагерінде Сталин билігі кезінде – 1937-1938 жылдары қамауда қаза болған 60-тан аса ұлт өкілінен тұратын 9500 адам жерленген Сандармох зиратын тапқан. Карелия күштік құрылымдарының қарсылығына қарамастан, Юрий Дмитриев бұл зираттың мемориалға айналуына көп күш салған. Қазір зираттың жанында Дмитриевтің өзі таңдап, жаздырған «Адамдар, бір-біріңді өлтірмеңдер!» деген сөз қашалған тас ескерткіш тұр.

Сталиндік террор құрбандарына Сандармох зиратында Юрий Дмитриевтің бастамасымен қойылған ескерткіш тастағы "Адамдар, бір-біріңді өлтірмеңдер!" деген жазу.
Сталиндік террор құрбандарына Сандармох зиратында Юрий Дмитриевтің бастамасымен қойылған ескерткіш тастағы "Адамдар, бір-біріңді өлтірмеңдер!" деген жазу.

Кейіннен «Мемориал» ұйымы Юрий Дмитриевтің қатысуымен, СССР-де үлкен террор жылдары бір миллион совет азаматын өлтіріп, миллиондаған адамды қуғындауға тікелей араласқан сталиндік құпия полицияның 40 мың жендеті туралы онлайн деректер базасын жариялады.

Оқи отырыңыз: "НКВД жендеттерінің тізімі жарыққа шықты"

Дмитриевті ұзақ жылдан бері білетін, онымен бірге Ресейдің қиыр солтүстігіндегі Соловкиге, Санкт-Петербург түбіндегі Лодейное полеге экспедицияға барған Ирина Корнейчуктың айтуынша, әлгі деректер базасы жарияланған соң Дмитриевке қоқан-лоқы жасап телефон соғатын адамдар көбейген.

Биыл Ресей Сталин жасаған 1937 жылғы қуғын-сүргіннің 80 жылдығын атап өтпек.

Прокурорлардың айтуынша, Юрий Дмитриевке қатысты қылмыстық іс әлдебіреудің анонимді шағымынан басталған. Тінту барысында тергеушілер тарихшының компьютерінен қазір 11 жасқа келген балалар үйіндегі қыздың 2012-2015 жылдар аралығында жалаңаш күйі түсірілген 49 суреті бар, «Бала денсаулығы» деген атаумен сақталған папканы тапқан делінеді.

Ол барлық нәрсені, әсіресе қазба жұмыстарын түгел суретке түсіретін, өмірдің өзі соған үйреткен. Бұл – оның тәсілдемесі, әдісі десе де болады.

Юрий Дмитриев пен оның әйелі балалар үйіндегі Наташа есімді қызды үш жасынан қамқорлыққа алған. Қыз аз тамақтанғандықтан өте жүдеу болған. Дмитриевтің адвокаты Виктор Ануфриевтің айтуынша, дәрігерлер оған қыздың денсаулығы мен дамуын жіті қадағалауды тапсырған. Әр суретте қыз баланың салмағы, бойы, жалпы денсаулық жағдайы туралы мағлұматтар жазылған. Суреттердің көбі Наташаның жалпы жағдайын тексеретін әлеуметтік қызметкерлер келердің алдында түсірілген. Әлеуметтік қызметкерлердің айтуынша, олар Дмитриевтің ешқандай күдікті әрекеттерін байқамаған.

«Мемориал» ұйымының белсендісі Сергей Кривенконың айтуынша, Юрий Дмитриев бала асырап алғысы келетіндерге арналған мемлекеттік тренингті сәтті аяқтаған.

- Сол курс кезінде оған баланың дамуын жіті бақылап, оның денсаулығына қатысты мәліметтердің барлығын қойын дәптерге жазып отыру керектігін айтқан. Бұл оның зерттеуші ретіндегі мінез-құлқына да сай келеді. Ол мұқият жазылуы тиіс мәліметтердің барлығына әрдайым ыждағатпен қарайды. Сондықтан қызының дамуына қатысты жайттарды сурет күйінде сақтауды ұйғарған, - дейді Кривенко.

Әріптесі Юрий Бродский де осы пікірге қосылады.

- Ол барлық нәрсені, әсіресе қазба жұмыстарын түгел суретке түсіретін, өмірдің өзі соған үйреткен. Бұл – оның тәсілдемесі, әдісі десе де болады. Ол барлығын суретке түсіріп, жазып алып жүретін. Оның ойлау жүйесі сондай. Наташаға үнемі қамқор болып, физикалық тұрғыдан дамуына көңіл бөліп жүрді. Наташа дені сау, сүйкімді балалардың бірі емес еді, керісінше аурушаң болды, ол оны аяғынан тік тұрғызды, - деді Бродский.

Тергеушілер Дмитриевтің қорғаушыларына оны «азғын» деп айыптаған анонимді шағымды көрсетпеген. Тарихшының өзі баланың суреттерін ешқашан ешкімге көрсетпегенін айтады. Дегенмен, тұтқындалардың алдында оны полиция бөлімшесіне шақырған. Бірнеше сағаттан соң үйіне келгенде ол компьютерін біреудің қолданғанын байқаған.

Тарихшы Юрий Дмитриевтің Сталин билігі кезінде қуғын-сүргін құрбандарының сүйегі қалған белгісіз қорымдардың бірінің қасында түскен суреті.
Тарихшы Юрий Дмитриевтің Сталин билігі кезінде қуғын-сүргін құрбандарының сүйегі қалған белгісіз қорымдардың бірінің қасында түскен суреті.

«Мемориал» ұйымындағы әріптестерінің айтуынша, билік өкілдері оның компьютерінен «жендеттердің деректер базасы» жобасы аясындағы мәліметтерді іздеп отырып күтпеген жерден Наташаның суреттерін тауып алған.

- Дмитриевтің үйінде тұрып, оның асырап алған қызы Наташамен қарым-қатынасын бақыладым. Олар бір-бірін айтқызбай түсінетін нағыз туыстар екен, меніңше, көбімізге сондай қарым-қатынас жетіспейді. Ол Наташаға әкеден гөрі атасы сияқты жақын болды. Ол онымен бірге экспедицияға шығып тұрды. Барлық сапарларда қасында жүретін. Үлкендердің әңгімелеріне араласып, кино мектебінің балаларымен бірге жұмыс істеді, - дейді әріптесі ИринаКорнейчук.

Дмитриевке қарсы қылмыстық іс – тарихшы әрі архившіні қоғамдық белсенділігі үшін қудалау шарасы екені анық.

Тарихшы тұтқындалған соң онымен бірге жұмыс істеп жүрген Мәскеу кино мектебінің студенттері адвокаттың қызметі үшін ақша жинады. Тарихшыға тағылған айыптарды «арандату» деп атаған ашық хатқа жеті мыңнан астам адам қол қойған. Украина және Польша тарихшылары мен белсенділері Юрий Дмитриевті қолдап ашық хат жазды.

- Дмитриевке қарсы қылмыстық іс – тарихшы әрі архившіні қоғамдық белсенділігі үшін қудалау шарасы екені анық. Оған тағылған айыптардың біз білетін Дмитриевке ешқандай қатысы жоқ, - дейді «Мемориал» ұйымының өкілі Сергей Кривенко.

Тергеу басталып, Юрий Дмитриев қамауға алынған соң тарихшының мұқият жинап, құрастырған 450 беттік зерттеу еңбегі және архиві түгел жоғалып кеткен.

XS
SM
MD
LG