Accessibility links

Түркия АҚШ-ты Манбидждағы әскерін әкетуге шақырды


Түркия президенті Режеп Ердоған
Түркия президенті Режеп Ердоған

Түркия АҚШ-ты Сирияның солтүстігіндегі Манбидж қаласынан әскерін әкетуге шақырды. Reuters дерегінше, бұл туралы Түркия президенті Режеп Ердоған кеңсесінің мәлімдемесінде айтылған. Манбидж қаласын сириялық күрдтер қарулы топтары бақылайды.

Бұған дейін түркиялық әскерилер мен Дамаскідегі билікке оппозициядағы сириялық топтар Сирияның солтүстігінде күрдтерге қарсы жүргізіп жатқан "Зәйтүн бұтағы" операциясы барысында Ердоған Манбидж қаласын бақылауға алу қажеттігі туралы бірнеше рет айтқан.

Анкараның мәлімдемесінде сонымен бірге АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Герберт Макмастердің Түркия өкілімен болған телефон әңгімесі кезінде "АҚШ бұдан кейін сириялық күрдтерге қару-жарақ бермейтіні" туралы мәлімдегені айтылған.

Вашингтон әзірше бұл хабарларға қатысты пікір білдірген жоқ.

Түркия өткен аптада кейбір күрд ұйымдарын террорлық іс-әрекеттерге айыптап, Сирияның солтүстігінде "Зәйтүн бұтағы" операциясын бастаған. АҚШ "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қарсы күресте сириялық күрдтермен одақтасып отыр. Күрдтер бақылайтын территорияда АҚШ-тың бірнеше жүз сарбазы орналасқан. Вашингтон бұған дейін бірнеше рет Анкараны Сирияның солтүстігіндегі іс-қимылдарына байланысты "сабырлы болуға" шақырған.

XS
SM
MD
LG