Accessibility links

Бішкек ЖЭС-інің қалай жөнделгенін тексеруді талап етті


Бішкек ЖЭС-і. Қырғызстан, 29 қаңтар 2018 жыл.
Бішкек ЖЭС-і. Қырғызстан, 29 қаңтар 2018 жыл.

Қырғызстан парламентінің кейбір депутаттары Бішкекте апат болған жылу электр станциясын (ЖЭС) модернизациялауға бөлінген 386 миллион доллардың қалай жұмсалғанын тексеруді талап етті. Азаттықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, депутат Исках Масалиев 30 қаңтарда қаржының жұмсалуын тексеретін депутаттық комиссия құру керегін мәлімдеді.

Масалиевтің айтуынша, үкімет ЖЭС жұмысы үш күннен соң қалпына келтірілетіне уәде бергенімен, Бішкек тұрғындарына әлі жылу берілмеген. «Бұл нысан 60 жыл жұмыс істеді, ал модернизацияланған соң апат болды» деді депутат.

Бұл ұсынысты депутаттар Алтынай Омурбекова мен Мирлан Бакиров қолдады. «386 миллион доллардың қалай жұмсалғанына және жөндеу жұмыстарын жүргізген TBEA компаниясының жұмысына тиісті мамандармен бірге аудит жүргізіп, саяси бағасын беру керек» деді Омурбекова.

26 қаңтар күні кешке Бішкек ЖЭС-інде апат болып, салдарынан қалада жылу беру тоқтатылған.

"Улуттук энерго холдинг" компаниясы 30 қаңтар күні ЖЭС-те жаңа блок іске қосылғанын, кешке дейін жылу берілетінін хабарлады.

Ал Қырғызстан бас прокуратурасы ЖЭС-тегі апат бойынша «салақтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

2014 жылы Бішкек ЖЭС-ін модернизациялау жұмысы басталып, ол2017 жылы аяқталған. Жаңа екі энергетикалық блок құрылысына 386 миллион доллар жұмсалған. Бұл қаржыны Қытайдың экспорт-импорт банкі несие ретінде бөлген.

XS
SM
MD
LG