Accessibility links

Астана соты ҰҚК экс-басшысы Дүтбаевты 12 жылға соттады


Нартай Дүтбаев, ҰҚК-нің бұрынғы басшысы.
Нартай Дүтбаев, ҰҚК-нің бұрынғы басшысы.

Астана соты ҰҚК-нің бұрынғы басшысы, бұған дейін сотталған Нартай Дүтбаевты «қаржы жымқыру және жылыстату» туралы өзге қылмыстық іс бойынша айыпты деп танып, 12 жылға соттады. Былтыр «мемлекеттік құпияны жариялау» ісі бойынша жеті жарым жылға сотталған Дүтбаевтың екінші рет тағы сотталғанын 1 ақпан күні Қазақстан Әскери соты хабарлады.

Әскери сот Дүтбаевқа қарсы жаңа үкімді 2018 жылы 26 қаңтарда Ақмола гарнизонының әскери соты шығарғанын және оған бұрынғы іс бойынша кесілген жаза мерзімі мен соңғы іс бойынша жазасы жартылай біріктіріліп, барлығы 12 жыл жаза кесілгенін айтады.

Бұл іс бойынша Дүтбаевтан өзге Орынбасар Қалқабаев пен Нартай Дүтбаевтың інісі Рүстембек Дүтбаев та соттады. Сот олардың әрқайсысына сегіз жыл бас еркіндігінен айыру жазасын кесті.

Әскери сот ақпаратына қарағанда, сот сонымен қатар Дүтбаевты «өкілетін теріс мақсатта пайдаланды» деп айыптап, сотталушыларды мемлекеттік қызмет істеу құқығынан өмір бойы айыруға және «заңсыз жолмен табылған» мүлігін тәркілеуге үкім етті.

Нартай Дүтбаевтың адвокаты Нығмет Есіргепов Азаттыққа Дүтбаев өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын және үкімге шағымданатынын айтты. Адвокаттың сөзінше, сот жабық өткен. Бірақ сот үкімі ашық түрде жарияланып, оған сотталушылардың барлығының туыстары қатысты.

Оқи отырыңыз: ҰҚК экс-басшысы Нартай Дүтбаев жеті жарым жылға сотталды

Әскери сот сот процесі іс материалдарында «мемлекеттік құпия мәлімет» болғандықтан жабық өткенін айтады. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

2017 жылы тамызда Ақмола гарнизонының әскери соты Нартай Дүтбаевты «мемлекет құпиясын жариялады және қызмет бабын теріс мақсатта пайдаланды» деп айыптап, жеті жарым жылға соттаған. Кейін Астана соты бұл үкім бойынша берілген апелляциялық шағымды қанағаттандырудан бас тартқан.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG