Accessibility links

YouTube билік қаржыландыратын БАҚ видеосын белгілей бастады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Мемлекеттен қаржыландырылатын бұқаралық ақпарат құралдарының видеолары YouTube сайтында жарияланғанда тиісті белгі қойылады. Бұл туралы YouTube компаниясы ресми блогында хабарлады. Компания өкілінің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – қолданушыға видеоны жариялаушы туралы толымды ақпарат беру.

Қазіргі сәтте жаңа ереже негізінен АҚШ территориясында жүзеге аса бастаған. Ресей билігі қаржыландыратын RT және "Россия 24" телеарналарының YouTube сайтында жарияланған видеоларында әлгіндей белгі бар деп хабарланды.

Видеоларға арнайы белгі қою туралы шешім әртүрлі елдердегі сайлауларға жалған (фейк) жаңалықтардың ықтимал ықпалы туралы дискуссия өрбіген кезде қабылданған. Мысалы, АҚШ-та 2016 жылғы президент сайлауына Ресейдің ықтимал араласуына қатысты тергеу жүріп жатыр. Америкалық арнайы қызметтер ресейлік "Интернет-зерттеулер агенттігін" ("тролль фабрикасы") саяси жазбалар мен роликтерді әртүрлі платформалар, соның ішінде YouTube арқылы да таратты деп айыптаған. Ол пропагандалық сипаттағы ол жазбаларды миллиондаған адам қараған болуы мүмкін делінеді.

Ресей өзге елдердегі сайлауларға ықпал еткені туралы айыптауларды жоққа шығарған.

XS
SM
MD
LG