Accessibility links

Алматыда зейнетақысын талап еткендер Қытай консулдығына барды


Қытай консулдығы алдында зейнетақысын төлеуді талап етіп жиналып тұрған адамдар. Алматы, 5 ақпан 2018 жыл.
Қытай консулдығы алдында зейнетақысын төлеуді талап етіп жиналып тұрған адамдар. Алматы, 5 ақпан 2018 жыл.

Алматыдағы Қытай консулдығы алдына 5 ақпан күні ондаған адам жиналып, «Қытай үкіметінің өздеріне зейнетақысын төлеуді тоқтатқанына» наразылық білдірді деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Жиналғандар өздерінің Қытайда зейнеткерлікке шығып, Қазақстанға қоныс аударған соң зейнетақыларын алып жүргенін, ал былтырдан бастап зейнетақыларын төлеу тоқтатылғанын айтады. Олардың сөзіне қарағанда, Қытай заңы бойынша, Қытайда зейнетке шыққан адамға ол шетел азаматтығын алса да зейнетақысы төлене береді.

Ыбырай Әмедхан есімді зейнеткердің Азаттыққа айтуынша, жиналғандар Қытай үкіметінен «заңды зейнетақысын» төлеуді талап етіп келіп отыр.

- Біз Қытайда отыз жылдан астам уақыт жұмыс істеп, зейнетке шыққанбыз. Өзім 31 жыл, әйелім 33 жыл жұмыс істедік. 2017 жылы тамызда Қазақстан азаматтығын алғанбыз. 2017 жылдың қазанынан бері менің зейнетақымды, ал осы ақпан айынан бастап әйелімнің зейнетақысын төлеуді тоқтатып отыр. Қытай үкіметінен өздерінің заңы бойынша зейнетақымызды төлеп, құқығымызды қорғауын талап етіп отырмыз, - деді Ыбырай Әмедхан.

Оның айтуынша, консулдыққа келген 37 адам Қытай үкіметіне талабы жазылған хат тапсырды. Хатты Қытай консулдығы қабылдап алды.

XS
SM
MD
LG