Accessibility links

Ақтөбе облысы: Орамал дауына орай тағы 2 ата-анаға айыппұл салынды


Ақтөбеде хиджаб мәселесіне қатысты жиында отырған ата-аналар. Ақтөбе, 9 қаңтар 2018 жыл (Көрнекі сурет).
Ақтөбеде хиджаб мәселесіне қатысты жиында отырған ата-аналар. Ақтөбе, 9 қаңтар 2018 жыл (Көрнекі сурет).

Ақтөбе облысында «орамал дауына» орай балалары мектепке бармай отырған тағы екі ата-анаға 8 ақпан күні 12025 теңгеден (бес айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде) айыппұл салынды. Олардың балалары Ақтөбе қаласындағы №52 және №55 мектепте оқиды. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаментінің директоры Жанна Қайшығұлова айтты.

- Тағы екі ата-анаға 5 АЕК-ке тең айыппұл салынды. Олар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 409-бабының 2-тармағында көрсетілген («ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің білім беру заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы») талапты бұзды деп айыпталып отыр, - дейді Жанна Қайшығұлова.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының дерегінше, қазір облыс аумағында «мектеп формасын бұзғандықтан» сабаққа қатыса алмай отырған 163 бала бар. Бір айдан бері бұл балалардың ата-аналарымен түрлі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Ал Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаменті қаңтар айының 19-ынан бері жалпы саны 12 ата-анаға айыппұл салған.

- Департамент мектеп басшылары әзірлеген құжат негізінде ғана айыппұл сала алады. Кей мектептердің басшылары «ата-аналар Қазақстанның білім беру заңнамасында көзделген міндеттерді орындамады»деп шағымданды. Әзірше ата-аналарға шара қолдануға асықпай отырған мектептер де бар, - дейді Жанна Қайшығұлова.

Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаментінің мәліметінше, әкімшілік жауапқа тартылған он ата-ананың үшеуі Шалқар қаласында тұрады. Шалқарлықтардан кейін жазаланған үш ата-ана Қарғалы ауданының Петропавловка ауылының, төртеуі Хромтау қаласының тұрғындары. Ал соңғы айыппұл салынған екі ата-ана Ақтөбе қаласының тұрғындары. Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаменті бүгінге дейін Ақтөбеде тұратын ата-аналарға шара қолданған емес.

Оқи отырыңыз: "Орамал дауында" ортақ мәмілеге келе алмай отыр

Бұған дейін Ақтөбе қалалық соты орамал дауына байланысты қаладағы сегіз мектептің директорының үстінен ата-аналар түсірген шағымды қанағаттандырмаған. Ата-аналар орамал тартатын қыздарын мектепке кіргізбеген мектеп директорының іс-әрекетін заңсыз деп тануды сұраған.

XS
SM
MD
LG