Accessibility links

Эстония мен Ресей "тыңшылық үшін" сотталғандарды алмастырды


Эстония мен Ресей арасындағы Нарва қаласындағы "Достық көпірі".
Эстония мен Ресей арасындағы Нарва қаласындағы "Достық көпірі".

Эстония мен Ресей "тыңшылық үшін" айыпталып сотталғандармен алмасты. Сотталғандарды алмастыру шекарадағы Койдула өткелінде болды. Бұл туралы Эстонияның қауіпсіздік полициясы 10 ақпанда хабарлаған.

Ресей Эстония азаматы Райво Сусиді отанына беріп, оның орнына ресейлік Артем Зинченконы алған. Сотталғандардың екеуі де бұрын рақымшылық сұрап өтініш жазып, оны екі ел басшылары қанағаттандырған болатын.

Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі Сусиді 2016 жылы Тәжікстаннан Шереметьево әуежайына келіп, Таллинге ұшатын кезінде қамауға алған. Мәліметттерге қарағанда ол авиация саласындағы кәсіпкерлікпен және қару саудасымен айналысқан. 2017 жылдың желтоқсанында Мәскеу қалалық соты оны "тыңшылығы үшін" айыптап 12 жыл қатаң режимдегі түрмеге кескен еді.

Қазір оның адвокатының хабарлауынша, Суси қазіргі сәтте үйіне келген, денсаулығы да жақсы.

2013 жылдан бері Эстонияда тұратын Артем Зинченко былтыр қаңтар айында ұсталған. Мамырда Харьюс уездік соты оны Ресейдің Бас барлау басқармасымен істескені үшін бес жылға бас бостандығынан айырған. Хабарларға қарағанда, ол Эстониядағы әскери техника және әскери қызметкерлер туралы мәлімет жинаумен шұғылданған. Екі ел арасында жиі қатынаған ол балалар арбасын сату кәсібімен айналысқан.

XS
SM
MD
LG