Accessibility links

Мирзияевтан эмигрант Мұхаммед Салихті Өзбекстанға оралтуды сұрады


Мұхаммед Салих, Түркияда тұратын өзбек саяси эмигранты.
Мұхаммед Салих, Түркияда тұратын өзбек саяси эмигранты.

Өзбекстанның белгілі ақын-жазушылары президент Шавкат Мирзияевтың атына ашық хат жазып, «Өзбекстан халықтық қозғалысының» жетекшісі әрі танымал ақын, 69 жастағы Мұхаммед Салихтың елге оралуына мүмкіндік беруді сұрайды. Ашық хат Facebook-те жарияланды.

Өзбекстан жазушылар одағының бұрынғы бірінші хатшысы, парламенттің экс-депутаты, елде «Бірлік» деп аталған саяси қозғалыстың және «Ерік» деп аталатын демократиялық партияның негізін қалаған Мұхаммед Салих 1992 жылдан бері шетелде тұрады.

«Біз сіздің ақын Мұхаммад Салихқа қатысты тарихи шешім қабылдағаныңызды қалаймыз. Ол 25 жылдан бері отанынан жырақта жүр. Бұрынғы режим жүргізген бұрыс насихаттың салдарынан қоғамда Мұхаммед Салихқа деген үрей қалыптасты. Бірақ шығармашыл зиялы қауым оның ұлы ақын екенін ұмытқан жоқ. Мұхаммад Салих – ең әуелі ақын. Содан кейін ғана саясаткер. Ол тағдырдың жазуымен саясатқа араласып, елдің тәуелсіздігі үшін күреске белсене қатысты», – делінген ашық хатта.

2017 жылдың наурыз айында Мұхаммед Салих бірінші рет президент Мирзияевтің атына ашық хат жазған. Бірақ осыдан кейін Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік қызметі (ҰҚҚ) оны «елдегі конституциялық жүйені күштеп бұзбақ болды» деп айыптап, үстінен қылмыстық іс қозғаған. Осы іске байланысты журналист Бобомурод Абдуллаев та тұтқындалған. Мұхаммад Салих бұл айыптауларды ҰҚҚ-ның бұрынғы басшысы Рустам Иноятовтың өзін елге кіргізбеу үшін, әдейі жасап отырғаны әрекеті деп атаған.

1993 жылдың сәуірінде Мұхаммед Салих «мемлекетке сатқындық жасады» деп ұсталған. Бірақ халықаралық ұйымдардың қысымымен ол бостандыққа шыққан. Осыдан кейін ол Түркияға қашып кеткен. Содан бері Стамбұлда тұрады. 1999 жылы Өзбекстанның Жоғарғы Соты Ташкентте Салихты жарылыс ұйымдастырды деген айыппен ұзақ мерзімге сырттай түрме жазасына кескен.

XS
SM
MD
LG