Accessibility links

Жээнбеков: Қазақстан мен Қырғызстан - «құстың қос қанатындай»


Сооронбай Жээнбеков, Қырғызстан президенті.
Сооронбай Жээнбеков, Қырғызстан президенті.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков шекарашыларды мемлекеттік шекарадан өтетіндерге жылы шырай танытуға шақырды деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз редакциясы. Қырғызстан президенті аппаратының хабарлауынша, Жээнбеков бұл жайында Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасындағы қайта жабдықталған «Чалдыбар - Автодорожный» өткізу бекетіне барған кезінде айтты.

Жээнбеков Қырғызстан мен Қазақстан халқы «бауырлас халық және құстың қос қанатындай» екенін мәлімдеді.

«Чалдыбар – Автодорожный» тексеру және өткізу бекеті екі елдің қақпасы, бұл жерде ортақ есік ашылады, осы жерден екі халықтың достығы басталады. Ежелде осы жерден Ұлы жібек жолының керуендері өткен» деді Жээнбеков.

Ол елге келетін қонақтарда Қырғызстан туралы алғашқы әсер тексеру және өткізу бекеттерінде пайда болатынын және мемлекеттің имиджі осыған байланысты қалыптасатынын айтты. «Чалдыбар - Автодорожный» бекетінен бұрын күніне мыңнан астам ғана адам өтсе, жаңартылғаннан кейін күніне жеті мың дейін адамға өте алады. Бекеттен күніне 350-ге дейін көлік, оның ішінде 70 жүк көлігі өтеді.

Шекарада Жээнбековке бір адамды тексеруге орта есеппен 40 секунд, жүк көлігін тексеруге 10 минутқа дейін уақыт кететінін айтты.

2017 жылы желтоқсанда Сооронбай Жээнбеков Қазақстанға сапарында Қазақстан-Қырғызстан қарым-қатынасы «стратегиялық серіктестік және одақтастық бағытында» дамитынын мәлімдеген. Жээнбековке дейінгі президент Алмазбек Атамбаев биліктен кететін тұста екі ел шекарасындағы жағдай шиеленісіп кеткен еді. Сарапшылар мұны Алмазбек Атамбаевтың сол кезде Қазақстан билігіне қарата айтқан сынымен байланыстырған.

XS
SM
MD
LG