Accessibility links

Ресейде ұсталған қазақстандықпен консул әзірге жолыға алмай отыр


Санкт-Петербургтегі тергеу абақтыларының бірі (Көрнекі сурет).
Санкт-Петербургтегі тергеу абақтыларының бірі (Көрнекі сурет).

Қазақстан өткен айда Ресей билігі «террорлық қауымдастыққа қатысты» деп айыптаған антифашистік қозғалыстың белсендісі Виктор Филинковтың Қазақстан азаматы екенін растады.

Ресейдегі Қазақстан елшілігінің 13 ақпанда хабарлауынша, 1994 жылы туған Қазақстан азаматы Виктор Филинков 25 қаңтарда ұсталған, қазір Санкт-Петербург абақтысында отыр.

«Бас консулдық Ресей сыртқы істер министрлігінің Санкт-Петербургтегі өкілдігіне және Ресейдің құзыретті органдарына жүгініп, Қазақстан консулын қазақстандық Виктор Филинковпен кездестіруге қолғабыс етуін, оған консулдық және құқықтық көмек көрсетуге рұқсат беруін сұраған. Әзірге Ресей билігінен жауап келген жоқ. Жұмыс жүріп жатыр», — делінген елшілік баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ақпарат құралдарының Филинковтың әйеліне сілтеме жасап хабарлауынша, күдікті 23 қаңтар күні кешке «Пулково» әуежайына бара жатқан жолдан хабарсыз кеткен. Филинков Киевке ұшуы керек болған.

Түрмеге тексеруге барған Қоғамдық бақылау комиссиясының мүшелеріне Филинков өзін әуежайда ұстағаннан кейін азаптағанын айтқан. Комиссия құжаттарына қарағанда, Филинковтың денесінде электрошокермен күйдірген іздер қалған. Күдіктінің айтуынша, Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) адамдары мен бетіне маска кигендер өзін орманға алып барған. Филинковтың сөзінше, оны «қылмысын мойындағаны туралы құжатқа қол қойдыру үшін» азаптаған.

Санкт-Петербургт соты 25 қаңтарда күдікті Филинковты екі ай қамауда ұстау шешімін шығарған. Тергеу нұсқасы бойынша, Филинков пен «әлдебір адамдар» «террорлық қызмет, насихат, сонымен қатар терроризмді жақтау және оған қолдау көрсету» мақсатында топ құрған.

Қазақстандық дипломаттардың мәліметінше, Филинков Ресей Қылмыстық кодексінің 205.4-бабы 2-бөлімі бойынша («Террорлық топқа қосылу») күдікті деп танылған. Істі ФСБ-ның Санкт-Петербург қаласы және Ленинград облысы бойынша басқармасының тергеу қызметі тергеп жатыр.

«Агора» халықаралық құқық қорғау ұйымының адвокаты Виталий Черкасовтың айтуынша, Виктор Филинков тергеушілерге «кінәлі екенін» мойындаудан бас тартқан.

Ресейдің Батыс әскери соты "әлдебір террорлық топпен қатысы болуы мүмкін" деген күдікпен Санкт-Петербургте ұсталған Виктор Филинковтың азапталғаны туралы мәліметті тексеруден бас тартып, оны Федералды қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) табыстады.

XS
SM
MD
LG