Accessibility links

Ақтөбе сотында орамал дауына қатысты шағым қаралмады


Ақтөбеде орамал дауына қатысты жиында отырған ата-аналар. 9 қаңтар 2018 жыл (Көрнекі сурет).
Ақтөбеде орамал дауына қатысты жиында отырған ата-аналар. 9 қаңтар 2018 жыл (Көрнекі сурет).

Ақтөбе қалалық соты №10 мектеп директорының ісін заңсыз деп тану туралы қала тұрғыны Қайрат Жармағамбеттің шағымын қарамай тастады. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, арыз иесі Қайрат Жармағамбеттің өзі 15 ақпанда өткен сот отырысына келген жоқ. Ол сотқа алдын-ала өтінішхат жазып, шағымын қараусыз қалдыруды өтінген. Сотта №10 мектеп директоры Гүлайым Иманова мен оның адвокаты Сағынғали Қосымбетов арыздың қараусыз қалдырылуына наразы екендерін айтты.

- Бізге осы дауға қатысты сот шешімі керек. Өйткені, №10 мектептің 8 және 9-сыныбында оқитын апалы-сіңлілі Амира мен Амина 8 қаңтардан бері сабаққа ақтыса алмай отыр. Қайрат Жармағамбет қазір талап-арызын қайтарып алғанымен, ертеңгі күні бұл даудың қайта көтерілмесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Ал, мектеп әкімшілігі сот отырыстарына қатысу үшін әуре-сарсаңға түсіп, біраз жұмысынан қалды, - дейді адвокат Қосымбетов.

Алайда кеңесу бөлмесінен оралған судья Абдраева қала тұрғыны Қайрат Жармағамбеттің шағымы қараусыз қалдырылсын деп шешті. Ақтөбе қалалық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл қалалық соттың қарауындағы орамал дауына қатысты соңғы іс. Сот бұған дейін «орамал дауы» бойынша Ақтөбедегі №13, 23, 36, 40, 48, 49, 60 және 62-мектеп директорларының үстінен жазылған шағымды қанағаттандырмаған.

«Қазақстандағы «Білім туралы» заңның 49-бабына сәйкес, ата-аналар міндетті мектеп формасына қатысты талапты орындауы тиіс. Одан бөлек, білім және ғылым министрінің 2014 жылғы 14 қаңтарда шыққан №26 бұйрығы да бар. Бұл заңдылықтардың бәрі оқушыларды мектеп формасын сақтауға міндеттейді. Сондықтан, мектеп директорларының әрекеттері заңды деп танылды» деп хабарлайды қалалық сот.

Оқи отырыңыз: "Орамал дауында" ортақ мәмілеге келе алмай отыр

Ақтөбе облыстық дін істері департаменті бұған дейін оқу жылының үшінші тоқсаны басталғалы облыста орамал тартатын кем дегенде 210 қыз бала мектепке бара алмай отырғанын хабарлаған еді. Департаменттің соңғы дерегінше, қазір бұл сан 108-ге дейін азайған.

Оқи отырыңыз: Ата-аналары орамалды оқушыларды Ресейде оқытпақ

XS
SM
MD
LG