Accessibility links

Қырғызстан мәдениет министрлігі: Шетелден ақ қалпақ әкелуді тию керек


Ақ қалпақ киген қырғыз ақсақалдары (Көрнекі сурет).

Қырғызстанның мәдениет, ақпарат және туризм министрлігі ұлттық бас киім ақ қалпаққа ерекше мәдени мәртебе беруді және елге мұндай қалпақты сырттан әкелуге тыйым салуды ұсынды. Министрліктің бұл туралы қаулысы қоғамдық талқылауға ұсынылды.

Мәдениет министрлігі ұсыныс ұлттық дәстүрді қолдау және қырғыз халқының рухын көтеру мақсатында және ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау үшін жасалғанын айтады.

«Соңғы уақытта ұлттық бас киімді құрметтемеу сияқты ыңғайсыз жағдайлар болып жүр. Жеке кәсіпкерлер көрші елдерден сапасыз синтетикалық материалдардан тігілген дайын қалпақтарды әкеледі. Ол шетелдік қонақтардың нағыз, шынайы ақ қалпақты қабылдауына кері әсер етеді» делінген министрлік анықтамасында.

Ведомство осыған байланысты тек жергілікті жерде жасалған ақ қалпақты ғана кию үшін мемлекетке шетелден дайын қалпақ әкелуге тыйым салу шараларын қабылдау керек деп біледі.

Бұған дейін парламентте президент пен спортшыларды шетелде ақ қалпақ киіп жүруге міндеттеуді ұсынған. Заң жобасы Бішкектегі жануарларға арналған сән көрмесінде ұйымдастырушылардың итке қалпақ кигізгеніне байланысты туындаған шудан соң дайындалған. Белсенділер мұны қырғыз халқын қорлау және ұлтаралық араздықты қоздыру деп атаған.

XS
SM
MD
LG