Accessibility links

Алматыдағы шабуыл бойынша экс-полицей соты қайта басталды


Алматының Алмалы аудандық соты (Көрнекі сурет)
Алматының Алмалы аудандық соты (Көрнекі сурет)

Алматының Алмалы аудандық сотында Алмалы аудандық ішкі істер бөлімінің экс-басшысы, 2016 жылы шілдеде қалада болған теракті кезінде «қызметінде әрекетсіздік жасады және салғырттық танытты» деп айыпталған Асқар Болатовтың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті.

Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, сотты судья Маратәлі Бекназаров жүргізді. Тыңдауға Асқар Болатовтың өзі келген жоқ. Адвокаты Тайыр Назханов Болатовтың ауырып жатқанын айтып, сотты онсыз өткізе беруді сұрады, судья оған келісті.

Асқар Болатовқа Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлімі («Қызметтегi әрекетсiздiк») және 371-бабының 2-бөлімі («Салғырттық») бойынша айып тағылған. Онымен бірге Алмалы аудандық ішкі істер бөлімінің (ІІБ) техникалық қызмет тобының инженері Қайрат Аманжолов пен кезекші бөлімінің бұрынғы инспекторы Сырым Баймендиев те сотқа тартылып отыр. Оларға да «қызметтегі әрекетсіздік» бабы бойынша айып тағылған.

Сотта Тайыр Назханов қылмыстық істі тоқтатуды немесе оны прокуратураға қайтаруды сұрап талап арыз түсірген. Бірақ судья ол талап арызды орындаудан бас тартты. Сот отырысы 26 ақпанға белгіленді.

2017 жылы 28 сәуірде Алмалы аудандық соты адвокат Тайыр Назхановтың қылмыстық-процессуалдық заң бұзушылықты жою үшін істі прокуратураға қайтару туралы талап арызын қанағаттандырған еді. Былтыр қыркүйекте Бас прокуратура істі тергеу жалғасып жатқанын хабарлаған.

Алматыда 2016 жылы шілденің 18-і күні Алмалы аудандық ішкі істер бөлімі мен ҰҚК департаментіне қарулы шабуыл жасалып, салдарынан бірнеше адам қаза тапқан. Шабуылға күдікті ретінде 1990 жылы туған, бұған дейін екі рет сотталған деп сипатталған Руслан Күлекбаев ұсталған.

2016 жылы қарашаның 2-сі күні Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық соты Руслан Күлекбаевты өлім жазасына кесу, оның дүние-мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарған. Оған адамды бас бостандығынан заңсыз айыру; қарақшылық; бөтеннің көлігін иелену; қару жасау; қару, оқ-дәрi, жарылғыш заттарды заңсыз иемдену, сақтау немесе алып жүру; қаруды жымқыру не қорқытып алу; адам өлтiру; терроризм актісі баптары бойынша айып тағылған.

XS
SM
MD
LG