Accessibility links

Трамп ресейлік "тролльдерге" тағылған айып жайлы пікір білдірді


АҚШ президенті Дональд Трамп. Ақ үй, Вашингтон, 15 ақпан 2018 жыл
АҚШ президенті Дональд Трамп. Ақ үй, Вашингтон, 15 ақпан 2018 жыл

АҚШ президенті Дональд Трамп сенбі күні осы аптада арнайы прокурор Роберт Мюллер жариялаған құжаттағы «2016 жылы өткен Америка президенті сайлауы процесіне араласқан» 13 ресейлікке тағылған айыптауғ қатысты тағы да пікір білдірді.

Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған жазбаларында президент Трамп осы тергеу өзінің сайлауалды штабының қызметкерлері ресейліктермен "ымыраласқан" дегенге әлі күнге еш дәлел-айғақ таппағаны туралы тағы да мәлімдеген. Ол айыптау қорытындысындағы "Интернет-зерттеу агенттігі" деп аталатын ұйымның америкалық саясатқа араласу мақсатында әлеуметтік желілерді 2014 жылы пайдалана бастаған деген сөзге сілтеп, ол кезде президент сайлауына түсу әлі ойына да келмегенін айтқан.

Трамп сонымен бірге ресейлік "тролльдердің" іс-әрекетін зерттеп, талдаған Facebook компаниясының өкілі Роб Голдманның «олар сайлау қорытындысына ықпал етуді емес, америкалықтарды алауыз етіп, үрей мен өшпенділік себуді мақсат еткен» деген пікірін мысалға келтірген.

АҚШ арнайы прокуроры Роберт Мюллер жүргізіп жатқан тергеу ресейліктерге айып тағумен бітпейді, ол ары қарай жалғасады. Сенбі күні Трамптың сайлауалды штабының бұрынғы жетекшісі Пол Манафортқа алаяқтық жасаған деген тағы бір айып тағылды. Ол айыптың АҚШ сайлауына ресейліктердің араласуына тікелей қатысы жоқ.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Герберт Макмастер арнайы прокурор Мюллер басқарған тергеу ресейліктерге таққан айыпқа "бұлтартпас" дәлел жинаған деп санайды. Мәскеу ол айыптарды жоққа шығарады. Сенбі күні Мюнхендегі халықаралық жиында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров АҚШ таққан айыпты "бос сөз" деп атаған.

XS
SM
MD
LG