Accessibility links

Макмастер: Ресейге "бұлтартпас" айып тағылған


АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Герберт Макмастер
АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Герберт Макмастер

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Герберт Макмастер осы аптада америкалық соттың ресейлік азаматтарға "2016 жылы өткен АҚШ президенті сайлауы процесіне араласты" деп таққан айыбына "бұлтартпас" дәлел бар деп санайды. Ол бұл туралы сенбі күні Германияның Мюнхен қаласында қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференцияда мәлімдеген.

Осы жиында Макмастерге дейін сөйлеген Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров АҚШ таққан айыптау туралы: "Біз деректерді көрмейінше өзге айтылғанның барлығы бос сөз ғана" деп мәлімдеген болатын. Сонымен бірге ол осы жиында Украина президенті Петр Порошенконың "Ресей тарапынан әлемге төнген қауіп" туралы мәлімдемесін де "аңыз" деп атаған.

АҚШ Федералдық тергеу бюросының бұрынғы басшысы, арнайы прокурор Роберт Мюллер қол қойған айыптау қорытындысында "Интернет-зерттеу агенттігі" деп аталатын ұйым қызметкерлері өздерін америкалықтармыз деп көрсетіп, әлеуметтік желілер арқылы АҚШ азаматтарына үгіт жүргізген, оларды президенттікке кандидат Дональд Трамптың кандидатурасын қолдауға көндіруге тырысқан деп көрсетілген. Құжатта ресейліктердің іс-әрекеті мен Трамп штабы арасында қандай да бір үйлесім болғаны туралы ештеңе айтылмаған. Айып тағылған адамдардың бірі – ресейлік бизнесмен Евгений Пригожин Санкт-Петербург қаласындағы "тролль фабрикасы" аталып кеткен "Интернет-зерттеу агенттігін" қаржыландырады деп саналады.

Бұған дейін Америкадағы сайлауға Ресейдің араласқанына күмән келтірген АҚШ президенті Дональд Трамп арнайы прокурор Роберт Мюллердің айыптау қорытындысынан кейін, Ресейдің [сайлауға] араласуы 2014 жылы, яғни өзі президенттікке кандидат ретінде сайлауға түсу ниетін көпшілікке жарияламай тұрып басталған деп айтқан. Сонымен бірге Трамп төңірегіндегі адамдардың Ресей тарапымен "ымыраласқаны" туралы болжамға еш дәлел-айғақ жоғы туралы тағы да мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG