Accessibility links

Қазақстан шаңғышылары эстафетада ондыққа енді


Алексей Полторанин (9-нөмірлі) эстафета жарысында. 18 ақпан 2018 жыл
Алексей Полторанин (9-нөмірлі) эстафета жарысында. 18 ақпан 2018 жыл

Пхенчхандағы қысқы олимпиада ойындарында 18 ақпан күні шаңғыдан Қазақстан ерлер құрамасы 4x10 шақырымдық эстафетада 8-орын алды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлайды.

Алғашқы он шақырымды Қазақстан құрамасының лидері Алексей Полторанин жүгіріп, командаласы Евгений Величкоға эстафетаны бірінші болып табыстады. Бірақ Величко лидерлікті сақтай алмай, өз жүгіру кезеңін бесінші болып аяқтады. Ал эстафетаның үшінші кезеңінде жүгірген Виталий Пухкало бестіктен шығып қалса, соңғы кезеңде жарысқа шыққан Денис Волотка мәреге сегізінші болып келді.

Алтынды Норвегия, күмісті - Ресей олимпиадалық атлеттері, қоланы -Франция иеленді. Қазақстан командасы Норвегия құрамасынан үш жарым минут кешігіп келді.

Жарыстан кейін журналистермен тілдескен Полторанин "эстафета 50 шақырымдық марафон алдындағы жаттығу болғанын, 50 шақырымға жарыста медаль алуға бар күшін салатынын" айтты.

50 шақырымға классикалық әдіспен жүгіру жарысы 24 ақпанда өтеді. Қысқы олимпиада ойындары 25 ақпанда аяқталады. Қазақстанда әзірге бір қола медаль бар.

XS
SM
MD
LG