Бішкекте түрмеде аштық жариялаған оппозициялық үш саясаткерді үш бөлек колонияға бөлуі ықтимал. Адвокат Марс Кыдыкбаевтың хабарлауынша, сотталған саясаткерлер Бектур Асанов, Эрнест Карыбеков және Кубанычбек Кадыровты шамамен 20 ақпан күні этаппен басқа колонияларға жөнелтеді.
«Үшеуін үш бөлек колонияға бөледі дейді. Бірақ бұл әзірге расталған жоқ. Сірә, бұл саясат олардың басын қоспауы үшін және аштық жарияламауы үшін жасалып отырса керек» деді адвокат Марс Кыдыкбаев Азаттықтың Қырғыз редакциясына.
Қырғызстан Мемлекеттік жазаны атқару қызметі (МЖАҚ) әзірге бұл ақпаратқа қатысты комментарий бермеді.
Сотталғандардың үшеуі де осы айдың басында аштық жариялаған. Олар Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы Абдил Сегізбаевтың қызметінен алынуын және өздеріне қатысты сот үкімінің жойылуын талап еткен.
7 ақпан күні Бішкек қалалық соты Первомай аудандық сотының саясаткерлерге шығарған үкімін күшінде қалдырған. 2017 жылы 17 мамырда Первомай аудандық соты Карыбековті 20 жылға, Кадыров пен Асановты 12 жылға, тағы бір оппозициялық саясаткер Дастан Сарыгуловты шартты мерзімге соттаған.
Бектур Асанов пен Кубанычбек Кадыров «билікті күшпен басып алуға немесе күшпен ұстап тұруға дайындалды» деп айыпталған. Эрнест Карыбеков «аса ауыр қылмысты жасырды» және «мемлекетке сатқындық жасады» деп айыпталған.
Саясаткерлер тағылған айыптармен келіспейді және билік өздерін саяси себеппен қудалап отыр деп біледі.