Accessibility links

Тұтқын Әбдірахманов Ақтөбеден Қостанайға этаппен жеткізілді


Сот залында отырған жаза өтеуші Берік Әбдірахманов. Ақтөбе, 30 қараша 2017 жыл.
Сот залында отырған жаза өтеуші Берік Әбдірахманов. Ақтөбе, 30 қараша 2017 жыл.

Түрмеде жазасын өтеп отырғанында терроризмді насихаттады деп айып тағылған тұтқын Берік Әбдірахмановді Ақтөбедегі тергеу изоляторынан Қостанайдағы абақтыға этаппен жөнелтті. Бұл жайында Азаттыққа оның әйелі Гүлім Әбдірахманова 17 ақпан күні хабарлады. Ал Қостанайдағы УК-161/1 мекемесінің қызметкері 19 ақпанда Азаттық тілшісіне тұтқын Әбдірахмановтың өздеріне этаппен кеше, яғни 18 ақпан күні жеткізілгенін растады. Оның айтуынша, Әбдірахманов өзін қалыпты сезінеді. Этаппен жеткізу кезінде және Қостанайдағы абақтыға барған соң оған ешкім жәбір көрсетпеген.

Гүлім Әбдірахманова Азаттыққа күйеуін Петропавлға немесе Қостанайға этаппен алып кеткелі жатқаны туралы хабар жеткенін хабарлаған еді. Ол осыған байланысты екі рет туберкулезбен ауырған күйеуі климаты қатаң Петропавлда тұра алмауы мүмкін деп қауіптенген. Күйеуін этаппен алып кетудің өзі де алаңдаушылық тудырған. Себебі оның сөзінше, бұған дейінгі этап кезінде күйеуін ұдайы ұрып-соққан.

Гүлім Әбдірахманованы бұған дейін қатаң режимдегі колонияда отырған күйеуін ерекше режимдегі колонияға алып кетеді деген хабар да алаңдатып отыр. Ол соңғы үш айда екі рет сотталған Берік Әбдірахманов ерекше режимдегі түрмеге ауыстырылса ұзақ уақытқа дейін туыстарымен кездесу құқығынан айырылатынын айтады. Азаттық тілшісіне Қостанайдағы абақтыдан Әбдірахмановтың абақтыда қандай режимде болатыны туралы білу мүмкін болмады.

24 қаңтар күні Берік Әбдірахманов «терроризмді насихаттады» деген айыппен бес жыл алты айға сотталған. Ол сот үкіміне шағымданбағандықтан, үкім 9 ақпан күні күшіне енген.

7 ақпан күні Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық алқасы Берік Әбдірахмановтың өзіне қатысты басқа сот үкімін жою туралы шағымын қанағаттандырудан бас тартқан. 2017 жылдың 22 желтоқсанында Ақтөбе қалалық соты Әбдірахмановты түрме қызметкерлерінің бұйрығына бағынбады деп айыптап, екі жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескен. Әбдірахманов өзіне тағылған айыпты мойындамайды және бұл үкімді заңсыз деп санайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Түрмедегі Берік Әбдірахмановтың тағдыры

2009 жылы "терроризмді насихаттау" айыбымен алты жылға сотталып, түрмеде отырған Берік Әбдірахманов басқа да айыптармен бірнеше рет сотталып, түрме жазасы ұзартылып келеді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG