Accessibility links

Ақтөбе облысы: «Орамал дауына» орай тағы бір тұрғынға айыппұл салынды


Орамал дауына қатысты жиында отырған ата-аналар. Ақтөбе, 9 қаңтар 2018 жыл (Көрнекі сурет).
Орамал дауына қатысты жиында отырған ата-аналар. Ақтөбе, 9 қаңтар 2018 жыл (Көрнекі сурет).

Ақтөбе облысында «орамал дауына» орай балалары мектепке бармай отырған тағы бір ата-анаға 12025 теңге (бес айлық есептік көрсеткіш - АЕК) көлемінде айыппұл салынды. Ол ата-ана Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы Әлия ауылында тұрады. Бұл туралы Азаттыққа Қобда аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлыбай Айжарықов айтты.

- Қобда ауданындағы Әлия мектебінің 6 және 8-сыныбында оқитын екі оқушы үшінші тоқсан басталғалы сабаққа келген жоқ. Екеуі бір үйдің балалары. Бұл оқушылардың ата-анасымен бірнеше мәрте кездескеніміз, ескерту жасағанымыз туралы және басқа да құжаттарды Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаментіне жолдадық. Департамент біз жолдаған құжаттар негізінде ата-анаға айыппұл салды, - дейді Нұрлыбай Айжарықов.

Қобда аудандық білім бөлімі басшысының сөзіне қарағанда, ауданда орамал дауына орай мектепке бара алмай отырған үш оқушы бар. Оның екеуі Әлия орта мектебінен болса, үшіншісі Қобыланды негізгі мектебінің 6-сынып оқушысы.

Ақтөбе облыстық дін істерібасқармасының дерегінше, қазір облыс аумағында «мектеп формасын бұзғандықтан» сабаққа қатыса алмай отырған 103 бала бар. Қаңтар айынан бері бұл балалардың ата-аналарымен түрлі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Ал Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаменті қаңтар айының 19-ынан бері жалпы саны 13 ата-анаға айыппұл салған.

Оқи отырыңыз: "Орамал дауында" ортақ мәмілеге келе алмай отыр

Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаментінің мәліметінше, әкімшілік жауапқа тартылған он үш ата-ананың үшеуі Шалқар қаласында тұрады. Шалқарлықтардан кейін жазаланған үш ата-ана Қарғалы ауданының Петропавловка ауылының, төртеуі Хромтау қаласының тұрғындары. Ал жуырда айыппұл салынған екі ата-ана Ақтөбе қаласында тұрады. Бұл тізімге 13-ші болып қобдалықтар қосылды. Бұл ата-аналардың барлығы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 409-бабының 2-тармағында көрсетілген («Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің білім беру заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы») талапты бұзды деп айыпталып отыр.

XS
SM
MD
LG