Accessibility links

Шымкенттік белсенділер: Жер туралы заң жобасы ашық жариялансын


Белсенділер жер туралы заң жобасына қарсылығын білдіріп, брифинг өткізіп отыр. Шымкент, 20 ақпан
2018 жыл.
Белсенділер жер туралы заң жобасына қарсылығын білдіріп, брифинг өткізіп отыр. Шымкент, 20 ақпан 2018 жыл.

«Шымкентте 20 ақпан күні бір топ азаматтық белсенді «Отырар» баспасөз орталығында брифинг өткізіп, жер туралы заң жобасы көпшілікке жариялануы тиіс екенін мәлімдеді» деп хабарлады Азаттық тілшісі.

Азаматтық белсенді Жанысбек Өтегеннің айтуынша, қазір жердің кімге, қашан берілгені «құпия» саналады. 2016 жылы шымкенттік белсенділер жер туралы заң жобасына өз ұсыныстарын білдірген. «Заң жобасын көрген жоқпыз, ұсыныстарымыз енген, я енбегенін білмей отырмыз. Жер сатылмайды, жалға берілмейді дейді. Жобаны көзімізбен көрмеген соң қалай сенеміз? Айқай-шу сол сенімсіздіктен туып отыр» деді Жанысбек Өтеген.

Белсенді Айгүл Орынбек жердің сатылмағанын, шетелдіктерге жалға берілмегенін қалайды. «Заң жобасымен толық танысқан жоқпын. Жобадан көргенім, жер сатылмайды, жалға берілмейді, қазақстандықтар шетелдіктермен некелескеннің өзінде жер берілмейді делінген» дейді ол.

Ал белсенді Ардақ Әшім заң жобасында «бір-біріне қарсы баптар барын» айтты. «Жер туралы заң жобасында 23-бапқа өзгеріс енгізгенімен, 26-баптағы «әркім» деген сөз қалып қойған» деді Ардақ Әшім.

Парламент мәжілісі былтыр қарашада «Қазақстан Республикасының жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» ​заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдаған.

16 ақпан күні Астанада ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, мәжіліс комитетінің депутаттары мен қоғам белсенділері жер туралы заң жобасын талқылаған.

ВИДЕО: Жер мәселесін талқылаудан тікелей эфир (16.02.2018)

XS
SM
MD
LG