Алматыда қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы, «Almaty Mountain Resorts» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) мен «ГеоДата» ЖШС өкілдері қатысқан жиын болып, «Көкжайлау» тау шаңғысы шипажайы жобасын іске асырудың «жаңа параметрлері» жарияланды. Бұл жоба екі жыл бұрын «экономикалық қиындықтарға байланысты» тоқтап қалған еді.
Іле Алатауының қорықты аймағында орналасқан Көкжайлау шатқалы бұрыннан алматылықтар мен шетелдік туристер жаяу шығатын танымал орынға айналған. Бірнеше жыл бұрын Алматы әкімдігі аймаққа шетелдік туристерді тарту мақсатымен шатқалда тау шаңғысы шипажайын салу жобасын дайындай бастаған. Ресми есеп бойынша, жоба құны 450 миллион АҚШ долларын құрайды. Қоғамдық белсенділердің есебінше, бұл сома 750 миллион долларға дейін жетуі мүмкін.
Жоба бойынша, әуелде шипажайда 2,7 гектар аумаққа альпі ағаштары бар қонақүйлер, мейрамханалар салу, 185 гектар аумаққа 63 километрді құрайтын тау шаңғысы трассасын, 16 аспалы жол тарту жоспарланған еді. Болжам бойынша, шипажай бір күнде 1020 шаңғышыны қабылдайды.
Жобаны іске асыру үшін Көкжайлау Іле Алатауы ұлттық табиғи паркі құрамынан шығарылған. Сонымен қатар жоба аясында Көкжайлаудың батысында электр станциясының құрылысы басталған.
Бірақ 2015жылы күзде жоба уақытша тоқтатылған. Билік мұны экономикалық дағдарыстан және қоғамның наразылығынан тоқтатылды деп түсіндірген. Былтыр жоба қайта қолға алынып, инфрақұрылым нысандарын салу жалғасқан.
«Almaty Mountain Resorts» директоры Наиль Нуровтың айтуынша,«жаңа параметрлер» бойынша жоба аумақтық жағынан да, инфрақұрылымдық жағынан да біраз ықшамдалған. Алматы маңындағы тау шаңғысы туризмін осы ЖШС дамытады делінеді. «Жаңа параметрлер» бойынша, Көкжайлау енді тек қалалық маңызға ие тау шаңғысы шипажайы болмақ. Мұнда шаңғы жолдары күрделі болмайтындықтан негізінен жаңадан үйреніп жүрген адамдар ғана шаңғы теппек.
Шаңғы жолдарының ұзындығы 65 километрден 20 километрге, салынатын қонақүйлер мен мейрамханалар аумағы 44 мың текше метрден 4 мың текше метрге дейін азайтылмақ.
Наиль Нуров шипажай аумағының жері жекеменшік қолға берілмейтінін, себебі ол мемлекеттің меншігі екенін айтты. Дегенмен Нуров шипажай құрылысы аяқталған соң ол жекеменшік компанияның басқаруына берілуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Қазір жаңа техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып жатыр және ол биыл маусымда дайын болып, қоғамдық талқылауға ұсынылмақ.
Наиль Нуров бұған қоса Алматы әкімі Бауыржан Байбек Көкжайлауда тау шаңғысы шипажайын салуға қатысты түпкілікті шешімді әлі қабылдамағанын айтты.
Алматы әкімдігі Көкжайлауда шипажай салу жоспарын жариялаған кезде алматылықтардың көпшілігі, туризм және экология саласындағы шетелдік сарапшылар оған қарсылық білдірген . Әлеуметтік желілерде тіпті "Көкжайлауды қорғаймыз" деп аталатын топ құрылған. Олардың пікірінше, тау шаңғысы шипажайы жобасы экологиялық зардап келтіріп, техногендік қауіп-қатер төндіреді және экономикалық жағынан тиімсіз. Бұл пікірді бірнеше тәуелсіз сараптаманың қорытындысы да рстаған.
Оқи отырыңыз: Көкжайлауды қорғау шарасы өтті
Дөңгелек үстел Алматы әкімі Бауыржан Байбектің тұрғындарға есеп беру кездесуімен бір уақытта өтті. Бірнеше белсенді мен қала тұрғыны бұл кездесуге кіре алмаған. Оларды кездесу өткен Республика сарайына жақын жерде полиция ұстаған.