Accessibility links

 Астана Сириядағы қақтығысты тоқтатуға шақырды


Шығыс Гута аймағындағы Доума қаласында әуе шабуылдарынан жараланған тұрғындарды құтқарып жатыр. Сирия, 22 ақпан 2018 жыл.
Шығыс Гута аймағындағы Доума қаласында әуе шабуылдарынан жараланған тұрғындарды құтқарып жатыр. Сирия, 22 ақпан 2018 жыл.

Қазақстан делегациясы Сирияда соғысып жатқан тараптарды Шығыс Гута аймағындағы әскери қимылдарды тоқтатып, деэскалация аймақтарында қақтығысты тоқтатуға күш салуға шақырды. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің (СІМ) 23 ақпан күні хабарлауынша, 22 ақпанда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сириядағы жағдай бойынша шұғыл өткен жиынына Қазақстан делегациясы да қатысқан. Жиында Қазақстан өкілі Астанада Сирия келіссөзі бойынша жасалған келісімдердің бұлжытпай орындалуы тиіс екенін мәлімдеген.

Қазақстан сонымен қатар гуманитарлық көмек көрсетіп, жаралыларды эвакуациялау үшін соғысып жатқан және мүдделі барлық тарап Сирия аумағында әскери іс-қимылдарды тоқтатуға жұмылу керегін мәлімдеді.

«Қазақстан қазір БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мүшелері қарап жатқан Сирияда әскери қимылдарды тоқтату туралы қарардың тезірек қабылданып, ымыраға келудің маңызды екенін білдірді» делінген СІМ хабарламасында.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиынын өткізуді Ресей ұсынған.

Сирияда президент Башар Асадтың режимімен күресіп жатқан көтерілісшілер бақылауындағы Шығыс Гута ауданында соңғы кездері үкіметшіл күштердің соққысы салдарынан бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар саны көбейген.

21 ақпанда БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жоғары комиссары Зейд әл-Хусейн соңғы екі аптаның ішінде үкімет күштерінің Шығыс Гутаға қарсы әуе шабуылдары мен артиллериялық қарудан берген соққылары салдарынан кемінде 340 бейбіт тұрғын мерт болып, 800-ден астам адам жараланғаны туралы мәлімдеген.

Батыс елдері Асад үкіметінен Шығыс Гутадағы қырғынды дереу тоқтатуды талап етіп жатыр. Олар Ресей мен Иранды Сирия үкіметіне қырғынды тоқтату үшін қысым жасауға шақырды.

Астанада былтырдан бері Сириядағы соғысты тоқтату бойынша бірнеше рет бейбіт келіссөз өтті. Сирия келіссөзінің бұған дейінгі раунды Астанада 21-22 желтоқсанда өткен. Ол келіссөзде кепіл елдер Ресей, Түркия және Иран «тұтқындарды босату, құрбан болғандардың мәйіттерін беру және із-түзсіз жоғаландарды іздеу» жөніндегі жұмысшы тобын құру тәртібін» бекіткен.

Қазақстан СІМ мәліметінше, келесі Сирия келіссөзі наурыздың ортасына жоспарланып отыр.

XS
SM
MD
LG