Accessibility links

Берлинале-2018 байқауының жүлдегерлері марапатталды


Берлинале-2018 байқауының бас жүлдесін жеңіп алған румын режиссері Адина Пинтилиенің "Маған тиме" (Touch Me Not) фильмінен скриншот.
Берлинале-2018 байқауының бас жүлдесін жеңіп алған румын режиссері Адина Пинтилиенің "Маған тиме" (Touch Me Not) фильмінен скриншот.

Германия астанасында сенбі күні Берлинале халықаралық кинофестивальдің бас жүлдесі – "Алтын аю" сыйлығы румыниялық режиссер Адина Пинтилиенің "Маған тиме" (Touch Me Not) көркем фильміне берілді. 50 жастағы ағылшын әйелі Лораның жыныстық өмірі мен қорқынышы баяндалған фильмге сыншылар жоғары баға берген.

"Күміс аю" сыйлығын үздік режиссерлік жұмысы үшін "Ит аралы" (Isle of Dogs) фильмін түсірген америкалық режиссер Уэс Андсерсон иеленді. "Үздік актер" номинациясы бойынша жүлде "Дұға" (The Prayer) фильміндегі ойыны үшін француз Антони Бажонға тапсырылды.

Парагвайлық режиссер Марсело Мартинессиге "Мұрагерлер" (The Heiresses) фильмі үшін Альфред Бауэр атындағы сыйлық табыс етілді. Осы фильмге түскен Ана Брун "Үздік актриса" номинациясы бойынша "Күміс аю" сыйлығы иегері атанды.

Жюридің Гран-при жүлдесін "Бет" (Mug) фильмін түсірген поляк режиссері Малгожата Шумовска иеленді.

Қазақстандық және ресейлік режиссер Тимур Бекмәмбетовтің "Профиль" фильмі Берлиналенің негізгі бағдарламасына қатыспаса да, көрермендер көзайымы сыйлығына ие болды. Фильмде бірқатар мемлекеттерде тыйым салынған "Ислам мемлекеті" террорлық ұйымына еуропалық әйелдерді тарту процесін зерттеу үшін Facebook әлеуметтік желісінде жалған аккаунт ашқан британдық журналист әйелдің хикаясы баяндалады.

Осымен 68-рет өткен дәстүрлі халықаралық байқаудың негізгі бөлігіне қатысқан 19 фильмді германиялық режиссер Том Тыквер жетекшілік еткен қазылар алқасы сараптаған.

Берлинале жүлдегерлерін марапаттау рәсімі кезінде неміс актрисасы Франциска Петри қазіргі кезде Ресейде үстінен іс қозғалып, үйқамақта отырған режиссер Кирилл Серебренниковке қолдау білдірді. Ол Серебрянниковтің фотосуреті басылған пакетті басына киіп алып, қызыл кілеммен жүріп өткен.

XS
SM
MD
LG