Accessibility links

Тунисте Ресейден шыққан кемеден әскери техника табылған


Тунис картасы
Тунис картасы

Тунисте Ресейдің Новоросийск қаласының портынан шыққан түркиялық компания иелігіндегі Ural кемесінен әскери техника табылған. Бұл туралы "Морской бюллетень" интернет-басылымы мен Agenzia Nova агенттігі хабарлады.

Панама туын көтеріп Панамаға кетіп бара жатқан кеме Тунистің Сфакс портына жөндеу жұмыстарын жасату үшін кірген. Жергілікті кеден қызметкерлері кемеден құжаттарда тіркелмеген 24 контейнерден беренді көліктер, бульдозерлер, әскери киім-кешек, рациялар, спутниктік байланыс құрал-жабдықтары мен электр генераторларын тапқан.

"Морской бюллетень" басылымы Ural кемесінің маршруты "өте оғаш" көрінетіні туралы жазады. Камерунға жүк жеткізу үшін ондай бағыт қажет болмаса да кеме Ион теңізін түгелге дерлік кесіп өтіп, кейін оңтүстіктегі Ливия жағалауына қарай бұрылған, ол аймақта бірнеше күн баяу жылдамдықпен жүзгеннен кейін ары қарай сапарын жалғастырған.

Ресейдің Тунистегі елшілігінің ТАСС агенттігіне берген дерегі бойынша, түркиялық Akdeniz Roro компаниясы иелігіндегі Ural кемесі Камерунның Дуала портына "билікке арналған жүк" апара жатқан. Экипаж арасында Ресей азаматтары жоқ деп көрсеткен елшілік.

XS
SM
MD
LG