Accessibility links

Мәскеуде Борис Немцовты еске алу шеруі өтіп жатыр


Борис Немцовты еске алу шеруіне қатысушылар. Мәскеу, 25 ақпан 2018 жыл
Борис Немцовты еске алу шеруіне қатысушылар. Мәскеу, 25 ақпан 2018 жыл

Бүгін Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург және өзге де қалаларында осыдан үш жылдай бұрын қастандықпен өлтірілген оппозициялық саясаткер және Ресейдің бұрынғы премьер-министрінің орынбасары Борис Немцовты еске алу акциялары өтіп жатыр. Олардың кейбіріне билік шара өткізуге келісім берсе, кейбір қалаларда тыйым салған.

Азаттықтың Орыс қызметі Мәскеуде жергілікті биліктің келісімі бойынша ұйымдастырылған шеруден тікелей трансляция жүргізіп жатыр:

Тілшілердің хабарлауынша, шеру қатысушылар жиналған жерге адамдарды тексеріп өткізген полиция қызметкерлері азаматтардың қолындағы: «Путин, өтіріп соғу мен соғысу жетер» және «Қырым аннексиясына қарсымын» деген жазуы бар плакаттарды алып жүрулеріне рұқсат етпеген.

"Белый счетчик" жобасы белсенділерінің есептеуі бойынша Мәскеудегі акцияға қатысушы адам саны екі мыңнан асқан.

Ресейді ұзақ жылдар басқарып отырған президент Владимир Путиннің жүргізіп отырған саясатын ымырасыз сынайтындығымен танылған Борис Немцовты 2015 жылғы ақпанның 27-і кешкісін Кремльге жақын маңда атып өлтірген.

2017 жылғы шілдеде Мәскеу сотының үкімімен саясаткердің қазасына айыпталған Шешенстанның бес тумасы ұзақ мерзімге бас еркіндіктерінен айырылған. Немцовты қарудан атып өлтіргені үшін Заур Дадаев 20 жылға, қалған төртеуі 11 жылдан 19 жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамалған. Саясаткерді өлтіру қылмысына кім тапсырыс бергені әлі күнгі анықталған жоқ.

Немцовтың туыстары мен серіктері оны өлтіруге тапсырыс әлдеқайда жоғарыдан түскен деп санайды. Олар Немцовты өлтіруге бұйрық бергендер анықталып, заң бойынша жазаға тартылмайынша сот әділдігі іске аспайды деп біледі.

Халықаралық агенттіктердің жазуынша, оппозициялық саясаткерді өлтіруді халықаралық қауымдастық айыптаған бұл қылмыс Кремльге қарсы шыққан ресейліктердің қандай қауіп-қатерге тап болатынын көрсеткен.

Ресей билігін сынаушылар Немцовқа дейін тапсырыспен өлтірілгендердің істері, соның ішінде 2006 жылы үйінің алдында оққа ұшып мерт болған журналист Анна Политковскаяның қазасы тәрізді бұл қылмысқа кінәлілер заң алдында жауап береді дегенге күмән білдіреді. Өйткені шынайы, адал тергеу жүргізілетін болса оның ұшы Шешенстан президенті Рамзан Қадыровтың айналасындағы немесе Ресей президенті Владимир Путиннің төңірегіндегі адамдарға тірелуі мүмкін деп санайды олар.

Осы аптада Мәскеу мэрі Сергей Собянин Ресей астанасындағы Борис Немцов тұрған үйге саясаткерге арналған мемориалдық тақтайша ілінетіні туралы шешім қабылданғаны туралы жариялаған. 22 ақпанда Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында Собянин әлгі шешім Ресей президенттігіне кандидат Ксения Собчактың өтініші бойынша қабылданды деп жазған.

Бұған дейін Мәскеу билігі Борис Немцов қаза тапқан жерге әлгіндей уақытша мемориалдық белгі орнатпақ болған марқұмның жақтастарының талпыныстарына үнемі кедергі жасап келген.

XS
SM
MD
LG