Ресей Жоғарғы соты 26 ақпан күні Ксения Собчактің Ресей президенті Владимир Путиннің президентікке кандидат ретінде тіркелгенін заңды деп тану туралы шешімнің үстінен түсірген апелляциялық шағымын қабылдамай тастады.
Ресейлік «Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, осылайша Путиннің кандидат боолып тіркелгені заңды деп танылған алғашқы сот инстанциясының шешімі күшіне енді.
16 ақпанда Жоғарғы сот Владимир Путиннің президент сайлауына кандидат деп тіркелуін заңды деп танып, Ксения Собчактың шағымын қабылдамай тастаған. Собчак арызында Путин бірнеше рет президент қызметін атқарғандықтан «президенттікке кандидат ретінде ұсынылып, тіркеле алмайтынын» айтқан. Собчак бұған қоса Путин «үшінші рет президентттікке ұсынылуға заңды түрде мүмкіндігі болмаған соң 2008-2012 жылдары үкімет басшысы қызметін шартты түрде ғана атқарғанын» айтады.
65 жастағы Владимир Путин Ресейді 2000 жыдан бері басқарып отыр. Ол 13 жыл президент, төрт жыл премьер-министр қызметін атқарды.
Ресейде президент сайлауы 18 наурызға белгіленген. Сайлауға сегіз кандидат, оның ішінде Ксения Собчак та түседі.