Accessibility links

АҚШ Ресейге қарсы жаңа санкция салмақ


Стивен Мнучин, АҚШ қаржы министрі.
Стивен Мнучин, АҚШ қаржы министрі.

АҚШ билігі алдағы бір ай мерзімінде Ресейге қарсы жаңа санкция салады. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, бұл жайында АҚШ қаржы министрі Стивен Мнучин Калифорния университетінде өткен кездесуде мәлімдеді. Бұған дейін сенатта сөйлеген Мнучин Ресейге жаңа санкциялар дайындалып жатқанын және ол таяуда жарияланатынын айтқан еді.

Өткен аптада АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон да кейбір ресейліктерге қатысты санкция дайындалып жатқанын мәлімдеген.

Reuters агенттігінің Ақ үйдегі дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, Ресейдің АҚШ-тағы сайлауға килігуіне жауап ретінде жаңа санкциялар дайындалып жатыр, бірақ ол құқықтық процедураларға байланысты баяулап тұр.

30 қаңтарда АҚШ Қаржы министрлігі «Кремль есебі» деп аталатын, Ресей президенті Владимир Путинге жақын және санкция салынуы мүмкін адамдардың тізімін жариялаған. Тізімде 210 адам, оның ішінде Ресей үкіметінің мүшелері, Путин әкімшілігінің қызметкерлері, мемлекеттік компаниялардың жетекшілері, күш құрылымдарының басшылары мен бизнесмендер бар.

Оқи отырыңыз: "Кремль тізіміне" іліккен олигархтардың жаңа тартысы

16 ақпанда АҚШ арнайы прокуроры Роберт Мюллер тергеудің нәтижелерін жариялаған. «Тролльдер фабрикасы» деген атпен танымал «Интернет-зерттеулер агенттігі» қызметкерлеріне және Владимир Путиннің серігі саналатын Евгений Пригожинге АҚШ президенті сайлауына килікті деген айып тағылған. Олар АҚШ-қа қарсы «ақпараттық соғыс» жобасын қаржыландырды деп айыпталып отыр. Соңғы кезде Пригожин «Путиннің серігі» деп қана емес, Сирияда мүдделері бар және «Вагнер жекеменшік әскери компаниясымен» байланысты адам деп те аты шығып жүр.

2014 жылы Мәскеу Қырымды аннексиялап алып, Украина шығысындағы қақтығысқа киліккен соң АҚШ Ресейге санкциялар салған. Кейін санкция бірнеше рет кеңейтіліп, қатаңдатылған.

XS
SM
MD
LG