Ресей өзін бітімгер етіп көрсету үшін Сириядағы қақтығысты ушықтырып отыр деп мәлімдеді АҚШ Конгресінде өткен тыңдауда Таяу Шығыстағы АҚШ әскери күштерінің қолбасшысы генерал Джозеф Вотел.
Генерал Кремльдің Сириядағы іс-қимылын қатаң айыптап, Ресейдің әрекетін «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымын толық күйретуді емес, «өзінің ықпалын сақтауды және жағдайды бақылаудада ұстап отыруды» көздейтін әрекет деп атады.
«Олар от қоюшы әрі соны өшіруші рөлін ойнап отыр. Олар шиеленісті күшейтіп, артынан қақтығысты өз пайдасына шешуге тырысады» деді генерал Джозеф Вотел. Оның пікірінше, Мәскеу АҚШ-тың Сирия мен Ауғанстандағы ықпалын әлсірету үшін АҚШ пен оның одақтастарына баламалы бейбіт келісім ұсынып отыр. Генерал Мәскеуді Сирияда «байсалды бітімгер рөлін атқара алмайтынын немесе атқарғысы келмейтінін мойындауға» шақырды.
Таяу Шығыстағы АҚШ күштерінің қолбасшысы Ресейді жаңа қару-жарағын сынап, көрсету үшін әскери іс-қимылдар жүргізгенде «көбінесе бейбіт тұрғындардың құрбан болып, зардап шегетінін ескермейді» деп айыптады. Генерал сонымен қатар АҚШ-тың Сирияда әрекет ететін өз одақтастарын қолдауға дайын екенін айтты. Араб-күрдтердің «Сирия демократиялық күштері» отрядтары мен халықаралық коалициядағы одақтастарын меңзеген генерал «Біз бұл соғыс аяқталғанша бірге жұмыс істейміз» деді.