АҚШ Мемлекеттік департаменті Ресейді халықаралық келісімдерді бұзып отыр деп айыптады. Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Хизер Нойерт Мәскеудің "10 жылдан астам уақыттан бері тұрақтылықты шайқалтатын қару-жарақ жасап, халықаралық міндеттемелерін бұзып отырғанын" мәлімдеді. Мұның алдында Ресей президенті Владимир Путин Федералдық кеңестегі жолдауында "жаңа ядролық қару-жарақ" туралы бейне ролик көрсеткен.
Бұған дейін АҚШ Қорғаныс министрлігі Владимир Путиннің мәлімдемесіне таңғалмағанын хабарлаған. Пентагонның баспасөз хатшысы Дана Уайт АҚШ армиясы америкалықтарды кез-келген қауіптен қорғай алатынын айтқан. Ол АҚШ-тың Еуропадағы зымыраннан қорғаныс жүйесі Ресейге қарсы емес, керісінше Солтүстік Корея мен Ираннан қорғану үшін орнатылғанын айтады.
Америкалық шенеуніктер Ресей АҚШ-қа шабуыл жасаған жағдайда "тегеурінді күшке" тап болатынын айтады. Вашингтон Путиннің жаңа зымырандар туралы мәлімдемелері алда өтетін Ресей президенті сайлауымен байланысты деп долбарлайды.
Путин 1 наурызда Федералдық кеңесте жолдау жасап, Ресей қарулы күштері таяуда "америкалық зымыраннан қорғаныс жүйесінен айналып өтетін" жаңа ядролық зымырандармен жабдықталатынын мәлімдеген. Путиннің жолдауының жартысына жуығы зымыран тақырыбына арналды. Оның айтуынша, АҚШ Ресеймен зымыраннан қорғаныс жүйесі туралы келіссөзден өзі бас тартқан.
Бұған дейін Путиннің жаңа ядролық қару-жарақ туралы айтқанда 11 жыл бұрынғы компьютерлік ролик көрсетілгені белгілі болған. "Сармат" баллистикалық зымыранынан оқтұмсығының бөлінгені көрсетілген кадрлар 2007 жылы «Бірінші арна» телеарнасында көрсетілген "Ударная сила" бағдарламасында қолданылған.