Accessibility links

Мичигандағы атысқа күдікті 19 жастағы жігіт ұсталған


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

АҚШ-тың Мичиган штатындағы Маунт-Плезант қаласында университеті аумағында жұма күні оққа ұшқан ерлі-зайыптылардың қазасына күдікті ретінде полиция олардың 19 жастағы ұлдары Джеймс Эрик Дэвисті ұстаған. Америкалық ABC News телеарнасының хабарлауынша, оқиғадан өзге адамдар зардап шекпеген.

20 мыңға жуық студент білім алатын университеттің жатақханасында қаза тапқан ер адам полицияда қызмет атқарған. Қылмыстық оқиғадан кейін полиция іздеу жариялаған күдікті сенбіге қараған түні қолға түскен.

Полицияның болжамы бойынша, тұрмыстық жанжалдың соңы оқ атуға ұласқан болуы мүмкін.

Мичигандағы оқиғаға дейін, ақпанның 14-і күні Флорида штаты Поркленд қаласындағы Марджори Стоунман Дуглас мектебінде болған қарулы шабуылдан 17 адам қаза тапқан еді. Ол қылмысқа күдікті ретінде бұған дейін тәртіп бұзғаны үшін аталған мектептен оқудан шығарылған 19 жастағы жігіт ұсталған болатын. Кейін тергеушілер әлгі жігіттің әлеуметтік желілердегі парақшаларынан оның атыс және суық қарумен түскен көптеген суреттерін тапқан. Оқиға орнынан табылған мылтықты күдіктінің заңды түрде сатып алынғаны анықталған.

Флоридадағы оқиғадан соң АҚШ-та азаматтардың жеке қару ұстауына қарсы ереуілдер көбейіп, бұл мәселе заң шығарушылар арасында қызу талқыға түскен. Ал қару сатумен айналысатындардың кейбірі үкіметтің шешімін күтпей-ақ, қару сатуды қатаңдата бастаған.

XS
SM
MD
LG