Accessibility links

Мектепке қарулы шабуылдан 17 адам қаза тапты


Поркленд қаласындағы шабуыл жасалған мектептің жанында тұрған адамдар. Флорида штаты, АҚШ, 14 ақпан 2018 жыл.

Флорида штатындағы мектепке жасалған шабуыл салдарынан 17 адам қаза тауып, бірнеше адам жараланған. Полиция шабуылға күдікті 19 жастағы жігітті ұстаған.

Ақпанның 14-і күні АҚШ-тың Флорида штатындағы мектепке қарулы шабуыл жасалды. Көп адамды ажал құштырған қайғылы оқиға Майамиден солтүстікке қарай 72 шақырым қашық жатқан Поркленд қаласындағы Марджори Дуглас атындағы жоғары мектепте болған.

"Соңғы мәлімет бойынша, шабуыл салдарынан 17 адам оққа ұшты", - деп мәлімдеді сәрсенбіде Броуард округінің шерифі Израель Скотт. Оның сөзінше, қаза тапқан 12 адам мектептің ішінен, екі адам ғимараттың сыртынан және бір адам жапсарлас көшеден табылған. Мерт болғандардың арасында мектеп оқушылары мен қызметкерлері бар.

Жергілікті аурухана өкілдерінің айтуынша, жедел жәрдем көлігімен оқиға орнынан әртүрлі жарақатымен жеткізілген 17 адамның екеуі қайтыс болған. "Үш адамның жағдайы өте ауыр" деп хабарлады дәрігерлер.

Шабуыл жасалған жерден түсірілген видео (Reuters):

Флорида мектебіне шабуылдан 17 адам қаза тапты
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:24 0:00

АҚШ сенатына Флорида штатынан сайланған демократ Билл Нельсонның телеарнадан мәлімдеуінше, күдікті әуелі мектепке противогаз киіп, түтіндеткіш заттар алып кіріп, өрт туралы дабылды іске қосқан.

Бұл оқиғаға күдікті ретінде осы мектептің бұрынғы оқушысы, шамамен бір жыл бұрын нашар үлгерімі үшін оқудан шығарылған 19 жастағы Николас Круз есімді жігіт ұсталған. Полицияның мәліметі бойынша, күдіктіден AR-15 винтовкасы мен "көп мөлшерде оқ" алынған. Жергілікті телеарналар полиция қызметкерлерінің қолына кісен салынған жас жігітті көлікке салып жатқан сәті түсірілген видеоны көрсетті.

Оқиға болған аумақты полицияның арнайы тобы (SWAT) қоршауға алып, Федералдық тергеу бюросының өкілдері тергеу амалдарына кіріскен. "Тергеушілер күдіктінің электрондық поштасы мен әлеуметтік желідегі хат-хабарларын да тексеріп жатыр" деп хабарланды.

АҚШ президенті Дональд Трампқа Флорида штатындағы қайғылы оқиға туралы дереу хабарлаған. Трамп қазаға ұшырағандардың отбасыларына көңіл айтқан.

"Флоридадағы сұмдық атыста құрбан болғандардың отбасыларына көңіл айтамын. Бір де бір бала, мұғалім немесе өзге кез-келген адам америкалық мектепте өзін қауіпті жердемін деп сезінбеуі тиіс" деп жазған Трамп Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасына. Президент Флоридадағы атысқа байланысты Флорида штатының губернаторы Рик Скоттпен сөйлескені, құқық органдарымен тығыз байланыста екені туралы хабарлаған.

Атыс қаруына бақылауды күшейтуге шақыратын Everytown for Gun Safety коммерциялық емес ұйымының дерегінше, соңғы бір жарым ай көлемінде АҚШ мектептерінде атыс қаруын қолданған осымен 18-оқиға тіркеліп отыр. Солардың жетеуінде адамдар мерт болған немесе зардап шеккен.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG