Accessibility links

Қазақстан омбудсмені Тараздағы "аузын тіккен" тұтқын жайын анықтамақ


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілінің кеңсесі Тараздағы 158/4 мекемесінде қамауда отырған Қырғызстан азаматы Эркинбек Тентемишевтің жағдайына алаңдаушылық білдірген Қырғызстан омбудсменінің өтініші бойынша тұтқынның жай-күйімен танысу үшін абақтыға арнайы баруды жоспарлап отыр. Бұл туралы қазақстандық адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі бүгін Азаттықтың сауалына берген жауабында хабарлаған.

"[Қырғызстан омбудсмені] хатында Тентемишевтің мекеме әкімшілігі тарапынан жасалған дискриминациялық қысымға наразылық ретінде аштық жариялап, азуын тігіп тастағаны айтылған... Ұлттық превентивтік механизмі қатысушылары жағдайды бақылау мақсатымен жақын арада аталған мекемеге арнайы барады. Сотталғандардың құқықтары бұзылғаны туралы деректер расталса құзырлы органдарға шара қабылдауы үшін тиісті ақпарат жолданатын болады" делінген жауапта.

Сонымен бірге Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі кеңсесі осыған дейін тұтқын Тентемишевтің өзін Отанына экстрадициялауды сұрап Қазақстан бас прокуратурасына арызданғанын, бұл мәселені Қырғызстанның қадағалаушы органы қарап, тұтқын өтінішін қанағаттандырудан бас тартқаны туралы хабарлаған.

Бұған дейін Қырғызстан омбудсмені кеңсесі Қазақстанның Тараз қаласындағы 158/4 қамау мекемесінде жазасын өтеп жатқан Қырғызстан азаматы, үшінші топтағы мүгедек деп танылған 37 жастағы Эркинбек Тентемишевтің өзіне түрме әкімшілігі тарапынан "ұлтына байланысты қысым жасалғанына" наразылық ретінде аштық жариялап, аузын тігіп тастағаны туралы ақпарат алғанын хабарлаған. Қырғыз Республикасының адам құқықтары жөніндегі уәкілі Кубат Оторбаев тұтқындағы қырғыз азаматының құқығын қорғауды, оның шағымындағы дерек расталған жағдайда кінәлі тұлғалардың жауапқа тартылуына жәрдем көрсетуін сұрап Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкіліне өтініш білдірген.

Тараздағы 158/4 қамау мекемесінен тұтқын Тентемишевке қатысты Азаттыққа комментарий беруге ешкім құлық танытпады.

Қазақстан Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымжан Бекназаров наурыздың 3-күні Азаттыққа Тараздағы түрмеде отырған Қырғызстан азаматы Эркинбек Тентемишевке қатысты өзінде ешқандай ақпарат жоғын айтты.

XS
SM
MD
LG