Accessibility links

Словакия полициясы журналистің қазасына күдіктілерді босатты


Қастандықпен өлтірілген журналист Ян Куциак пен қалыңдығы Мартина Кушнированың суреті
Қастандықпен өлтірілген журналист Ян Куциак пен қалыңдығы Мартина Кушнированың суреті

Словакияда қастандықпен өлтірілген журналист Ян Куциак пен оның қалыңдығы Мартина Кушнированың қазасына күдікті ретінде ұсталған жеті адамның барлығын босатқан. Бұл туралы наурыздың 3-і күні словакиялық Tvnoviny.sk порталы хабарлады.

Журналист қазасынан кейін ұсталған жетеуі де – Италия азаматтары. Олардың бірі Италиядағы есірткі, қару-жарақ пен адам саудасымен айналысатын және миллиардтаған ақша айналымы бар атышулы "Ндрангета" мафиялық тобымен байланысы болуы мүмкін деген күдікке іліккен. Ян Куциак зерттеу мақалаларында Словакия саясаткерлерінің "Ндрангета" тобымен байланысы туралы жазған.

Жергілікті басылымдар заң бойынша белгіленген 48 сағаттың ішінде полиция қолда бар мәліметтерді тексеріп, айып тағуға қажетті айғақ-деректерді іздестіргені туралы хабарлады. 48 сағат өткеннен кейін ұсталғандар босатылды деп мәлімдеген сенбі күні полиция өкілі.

Словакияның Aktuality.sk басылымының журналисі 27 жастағы Ян Куциак пен қалыңдығы Мартина Кушнированы Братиславадан шығысқа қарай 65 шақырым жердегі үйлерінде ақпанның 25-і күні белгісіз біреулер атып өлтірген.

Оқи отырыңыз: Коррупция мен мафияны жазған словак журналисін не үшін өлтірді?

Өзінің соңғы мақаласында Куциак элиталық тұрғын үй құрылысы саласындағы салықтан жалтарудың айла-шарғысы туралы жазған. Журналистің қазасынан кейін Еурокомиссия Куциак жазған қаржы операцияларына тексеру жүргізуге қозғау салатынын айтқан.

Словакия мәдениет министрі Марек Мадьярич "журналистің қазасынан кейін бұл қызметті атқара алмайтынын" айтып отставкаға кетті. Словакияда бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі мәдениет министрлігінің қарауына берілген.

Наурыздың 2-і күні Словакияның бірнеше қаласында Ян Куциак пен Мартина Кушнированы еске алған жұрт жаппай акцияларға шықты. Братиславада сөз бостандығын қорғау шеруіне 20 мыңнан аса адам қатысқан.

XS
SM
MD
LG