Accessibility links

Бішкек жылу орталығын жөндеуге бөлінген ақша жымқырылған


Бішкек жылу электр орталығы. Қырғызстан, 18 ақпан 2018 жыл
Бішкек жылу электр орталығы. Қырғызстан, 18 ақпан 2018 жыл

Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) елдегі "Электр станциялары" ашық акционерлік қоғамынан аса ірі көлемде ақша жымқырылғанын анықтаған деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Тергеушілер болжамы бойынша, кәсіпорынның күдікке іліккен жекелеген басшылары Бішкек жылу электр орталығының қазандарына жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы мердігерлермен жалған келісімдер жасап, олардың есеп-шотына аса ірі көлемде ақша аударған, ал іс жүзінде кәсіпорын жөндеу жұмыстарын өз күшімен атқарған.

Құқық органдары қалай жұмсалғанын тексеріп жатқан қаржы Бішкек жылу электр орталығын 2017-2018 жылдардың күз бен қыс мезгіліне дайындау мақсатында бөлінген.

МҰҚК Қылмыстық кодекстің "Сеніп тапсырылған аса ірі көлемдегі мүлікті иемденіп алу", "Тендер өткізу тәртібін бұзу", "Өкілеттілігін теріс пайдалану" және "Жалған құжат жасау" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабарлады. "Электр станциялары" ашық акционерлік қоғамы бас директорының бірінші орынбасары Бердібек Боркоев қылмыс жасаған деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Қаңтардың 26-сы күні Бішкектің жылу электр орталығында болған апат кесірінен қалада көппәтерлі тұрғын үйлер мен мемлекеттік мекемелер жылусыз қалған болатын.

Бас прокуратура қылмыстық іс қозғап, Жогорку Кеңеш жылу орталығындағы апат себебін және оны жетілдіруге бөлінген 386 миллион доллардың қалай жұмсалғанын зерттеу жөнінде уақытша депутаттық комиссия құрған.

XS
SM
MD
LG