Америка киноакадемиясының "Оскар" жүлдесін "Үздік фильм" номинациясы бойынша режиссер Гильермо дель Тороның "Су пішіні" фильмі иеленді. Гильермо дель Торо бұған қоса "Оскар" жүлдесін "Ең үздік режиссер" ретінде де алды.
Фрэнсис МакДорманд "Миссури, Эббинг шекарасындағы үш билборд" фильміндегі рөлі үшін "Үздік актриса" деп, ал Нари Олдман "Қаратүнек шақ" фильмінде Уинстон Черчилльдің рөлін ойнағаны үшін "Үздік актер" деп танылды.
Чилилік режиссер Себастьян Лелионың транссексуалдар туралы "Фантастикалық әйел" фильмі "Оскарды" "Шетел тіліндегі үздік фильм" номинациясы бойынша иеленді. "Оскар" жүлдесіне "Шетел тіліндегі үздік фильм" номинациясы бойынша үміткер аталған ресейлік режиссер Андрей Звягинцевтің "Нелюбовь" фильмі жүлдесіз қалды.
Ли Анкрич пен Дарла Андерсонның "Коко құпиясы" картинасы "Үздік анимациялық фильм" деп танылды.
Америкалық режиссер Брайан Фогельдің Ресей спортындағы допинг туралы түсірген "Икар" фильмі "Оскар" жүлдесін "Үздік деректі фильм" номинациясында жеңіп алды. Фильм негізінен Мәскеудегі допингке қарсы зертхананың бұрынғы басшысы, АҚШ-қа кетіп қалып, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікке мәлімет берген Григорий Родченковпен жасалған сұхбаттардан құралған.
Фогель "Оскар" мүсіншесін алып тұрып, Родченковты "көзсіз батыр" деп атады және фильм "Ресей туралы, негізінен шындықты айтудың маңызды екені туралы" екенін айтты.
Лос-Анжелестегі "Оскар" жүлдесін табыстау салтанаты биыл 90-рет өткізіліп отыр.