Accessibility links

БАҚ: Ұлыбританияда Ресей экс-агенті Скрипаль уланған болуы мүмкін


ГРУ-дың бұрынғы агенті Сергей Скрипаль сотта адвокатымен сөйлесіп тұр. Мәскеу, тамыз 2006 жыл.
ГРУ-дың бұрынғы агенті Сергей Скрипаль сотта адвокатымен сөйлесіп тұр. Мәскеу, тамыз 2006 жыл.

Ресейде "мемлекетке сатқындық жасады" деген айыппен сотталған Бас барлау басқармасының (ГРУ) бұрынғы офицері Сергей Скрипаль Ұлыбританияның Солсбери қаласында белгісіз заттан уланған болуы мүмкін деп хабарлады BBC.

66 жастағы Сергей Скрипаль 4 наурыз күні сауда орталығында өзін жайсыз сезініп, ауруханаға жеткізілген. Онымен бірге тағы бір әйел ұқсас ауру белгілерімен ауруханаға түскен. Ұлыбритания билігі оқиғаға қатысты комментарий бермеді. Бірақ BBC-дің қауіпсіздік мәселелері бойынша тілшісі бұл жайттың 2006 жылы Александр Литвиненко уланған жағдайға ұқсас екенін айтады. Ол кезде британ тергеушілері Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) бұрынғы қызметкері Александр Литвиненконың денсаулығы күрт нашарлауына не себеп болғанын бірден анықтай алмаған еді. Кейін Литвиненконың радиоактивті полоний затынан уланғаны анықталған.

Сергей Скрипальге қандай диагноз қойылғаны ресми түрде айтылмады. Бірақ қала билігі төтенше жағдай жариялады. Солсберидің бірнеше ауданы мен сауда орталығы қоршауға алынып, мамандар дезинфекция жасады. Скрипальдің көршілері 5 наурыз күні кешке оның үйіне полиция барғанын айтты.

2014 жылы жеттоқсанда ФСБ Сергей Скрипальді ағылшын барлау қызметімен жұмыс істесті деген күдікпен тұтқындаған. Ресейлік дереккөздерінің мәліметінше, мемлекетке сатқындық жасау туралы қылмыстық істі тергеу барысында Скрипальдің 1995 жылы әскерде борышын өтеген кезінде ағылшын барлау қызметі қатарына тартылғаны анықталған. Ол мемлекеттік құпия мәліметтерді беріп отырған. Скрипаль 1999 жылдың соңында Ресей қарулы күштер қатарынан босатылғанына қарамастан, ағылшын барлау қызметімен жұмысын тоқтатпаған. Ұлыбритания барлау қызметі өкілдерімен кездесу үшін шетелге шығып тұрған. Әр кездесуде ағылшын барлау қызметі өкілдері алған ақпараты үшін Скрипальге ақша беріп отырған.

Оқи отырыңыз: Кремль жауларын құртуға пайдаланған улар

2006 жылы 9 тамызда Мәскеу округтік әскери соты Сергей Скрипальді 13 жылға соттап, бүкіл шенінен айырған. Ал 2010 жылы Скрипаль мен тағы үш ресейлікке рақымшылық жасалған. Кейін оларды АҚШ-та ұсталған ресейлік агенттерге айырбастаған. Скрипаль соңғы бірнеше жылдан бері Ұлыбританияда тұрады.

XS
SM
MD
LG