Accessibility links

Гулмурод Халимовтың бауыры Тәжікстан әділет министрлігінен кеткен


Гулмурод Ҳалимов, Тәжікстан ішкі істер министрлігі арнайы жасағының бұрынғы командирі.
Гулмурод Ҳалимов, Тәжікстан ішкі істер министрлігі арнайы жасағының бұрынғы командирі.

Тәжікстан әділет министрлігі "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының "соғыс министрі", Тәжікстан ішкі істер министрлігі арнайы жасағының бұрынғы командирі болған Гүлмурод Халимовтың бауыры, подполковник Саидмурод Халимовтың отставкаға кеткенін растады.

Азаттықтың Тәжік редакциясының өз дереккөзіне сілтеп хабарлауынша, подполковник Саидмурод Халимов әділет министрлігінің жазаны орындау басқармасынан былтыр Гулмурод Халимовтың үш туысын ұзақ мерзімге соттағаннан кейін кеткен.

Дереккөзінің хабарлауынша, Саидмурод Халимов бірінші рет оставкаға кету туралы арызды 2015 жылы жазған. Сол кезде Гулмурод Халимов Сирияға кетіп, ИМ қатарына қосылғанын жариялаған. Бірақ Саидмурод Халимовтың өтініші қабылданбаған. Әділет министрлігі басшылығы Саидмурод Халимовқа сенетінін жеткізген. ​Дереккөздің айтуынша, Саидмурод Халимов заң тұрғысынан ғана емес, моральдық тұрғыдан да мемлекеттік қызметте істей алмайтынын айтқан.

Былтыр қазан айында Хатлон облыстық соты Гулмурод Халимовтың туыстары Комил Халимов, Назир Халимов және Али Халимовты 7 жылдан 18 жылға дейінгі мерзімдерге соттаған. Тәжік арнайы қызметінің ақпараты бойынша, олар шекарадан заңсыз өтіп, ИМ тобына қосылмақ болған.

Ал Тәжікстан билігі іздеу жариялаған Гулмурод Халимовтың тағдыры әлі күнге белгісіз. 2017 жылдың қыркүйегінде Ресей қорғаныс министрлігі Гулмурод Халимовтың әуе соққысынан қаза тапқанын мәлімдеген. Бірақ АҚШ бұл ақпаратты растай алмайтынын хабарлаған. 2016 жылы Гулмурод Халимов ИМ-нің "әділет министрі" болып тағайындалған.

XS
SM
MD
LG