Қазақстан Жоғарғы соты 7 наурызда "Халықаралық құқықтық бастама" қоғамдық қорының шағымын қанағаттандырып, Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментін қордан өндіріліп алынған қаржы мен салық төлемдерін қайтарып беруге міндеттеді. Осылайша, Жоғарғы сот қоғамдық қорға қатысты алдыңғы сот шешімдері мен салық тексеруінің актісін жойды.
Кеше "Халықаралық құқықтық бастама" қорының өкілдері Facebook-те кассациялық сот алқасы – өздері үшін Қазақстандағы соңғы сот инстанциясы екенін, егер бұдан жеңілсе БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитетіне жүгінуі мүмкін екенін жазған.
Былтыр Алматы қалалық соты үкіметтік емес ұйымның (ҮЕҰ) Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің қосымша салық төлету туралы шешіміне шағымын қанағаттандырудан бас тартқан. Қоғамдық қор департаментке қарсы шағымында ҮЕҰ-ның 2011-2016 жылдар аралығында алған гранттарына бір миллион теңгеден астам ұжымдық табыс салығын қайта есептетіп төлету туралы ескертпесіне қарсы болған.
Оқи отырыңыз: Шетел грантын алушыларды салық төлеуге міндеттеді
"Халықаралық құқықтық бастама" қор табыс таппайтын, коммерциялық емес қызметпен айналысатындықтан мұндай салық төлеуге міндетті емесін айтады.
Бұдан бұрын "Халықаралық құқықтық бастама" қоры өкілдері Азаттыққа қор ҮЕҰ-дан өз қызметі туралы толымды мәлімет беруді талап ететін жаңа ережені заңсыз деп тануды сұрап сотқа арызданған соң салық органдары қор қызметін тексергенін айтқан. Сот қордың ол шағымын қанағаттандырмаған.
"Халықаралық құқықтық бастама" шағымы бойынша соттасып жатқанда Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігі құқық қорғау ұйымдарын тексеріп, "қысым көрсетіп отырғанын" мәлімдеген. HRW-дың Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон сол кезде биліктің үкіметтік емес ұйымдарды құқық қорғаумен айналысқаны үшін қырына алуын "жөнсіз" деп атаған.